Қазақстанда балаларға арналған 386-дан астам даму және ерте араласу орталығы ашылды

Қазақстанда балаларға арналған 386-дан астам даму және ерте араласу орталығы ашылды
ашық дереккөз

Қазақстанда балалардың дамуындағы бұзылыстарды ерте анықтап, дер кезінде көмек көрсетуге бағытталған даму және ерте араласу орталықтарының желісі кеңейіп келеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы бір жылдың ішінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының базасында 386-дан астам осындай орталық жұмысын бастады.

Министрлік балалар денсаулығын қорғаудағы негізгі басымдықтардың бірі ретінде профилактикалық көмекті күшейту мен даму ерекшеліктерін ерте кезеңде анықтауды атап өтті.

Елімізде осы мақсатта баланың дүниеге келген сәтінен бастап ерте жасына дейін кешенді қолдау көрсетуді көздейтін «Алғашқы 1001 күн» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында патронаж қызметі жетілдіріліп, скринингтік бағдарламалар кеңейтіледі, ана сүтімен қоректендіруді қолдау шаралары күшейтіледі және ерте жастағы балалардың ұлттық тіркелімі қалыптастырылады.

Сондай-ақ 2025 жылдан бастап Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) балалардың дамуын мониторингілеуге арналған GMCD нұсқаулығы енгізілуде. Бұл құрал даму кідірісінің қаупін клиникалық белгілер байқалмай тұрып анықтауға мүмкіндік береді.

Жаңа орталықтарда дәрігерлер, логопедтер, психологтер, реабилитологтер және өзге де мамандардан құралған мультидисциплинарлық топтар жұмыс істейді. Олар балаларға кешенді көмек көрсетумен қатар, ата-аналарға бала күтімі мен дамуына қатысты кеңес беріп, барлық кезеңде қолдау көрсетеді.

Мамандардың айтуынша, ерте араласу балалар мүгедектігінің қаупін төмендетіп, олардың өмір сапасын жақсартуға және қоғамға табысты бейімделуіне мүмкіндік береді. Неғұрлым көмек ерте басталса, баланың әлеуетін толық ашу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.