Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Мақсат Базарбай 50 жас мерейтойын атап өтті

Мақсат Базарбай 50 жас мерейтойын атап өтті
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Қазақ эстрадасының танымал әншісі, «МузАРТ» тобының бұрынғы мүшесі Мақсат Базарбай 50 жас мерейтойын атап өтті, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесін мерейлі жасымен әріптестері мен жанкүйерлері құттықтап, ақ тілектерін арнады. Той төрінде Алтынбек Қоразбаев, Мейрамбек Беспаев, Нұржан Тілендиев бой көрсетті. Одан өзге де өнер жұлдыздары бар. 

Бұған дейін әнші Сәкен Майғазиев те досының туған күніне орай әлеуметтік желіде арнайы жазба жариялаған еді. Ол араларындағы достық пен сыйластыққа ел ішіндегі түрлі әңгімелердің сызат түсірмегенін жеткізді.

«Сызат түспеген сыйластығымыз тағы елу жылға жалғассын! 50 жасың құтты болсын, досым!» – деп жазды Сәкен Майғазиев. 

Айта кетейік, Мейрамбек Беспаевтың жұбайы күйеуіне арнап жүрекжарды тілегін жеткізді. 

Мақсат Базарбаев кім?

Мақсат Базарбаев – қазақ эстрадасының танымал әншісі, «МузАРТ» тобының негізін қалаушылардың бірі. Ол 1976 жылы 14 қарашада Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Кенен Әзірбаев атындағы ауылда дүниеге келген. Отбасындағы үш баланың ортаншысы.


Бала кезінен өнерге қызыққан Мақсат 1998 жылы үлкен сахнаға қадам басқан. 2001 жылға дейін «Бауыржан шоу» әзіл-сықақ театрында әнші әрі актер болып еңбек еткен.

2001 жылы Мейрамбек Бесбаев және Сәкен Майғазиевпен бірге «МузАРТ» тобын құрған. Үштіктің алғашқы жаздырған әні – Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Сенің көзің» туындысы.


Мақсат Базарбаев топ құрамында төрт жыл өнер көрсетіп, 2005 жылы жеке шығармашылық жолға түсті. Оның орнына Кенжебек Жанәбілов келді. Әншінің орындауындағы «Дүнген қызы» әні де тыңдарман қауымға жақсы таныс.

Өнер иесі 2024 жылы берген сұхбатында Алматы қаласындағы «Алматы әуендері» ұжымында еңбек ететінін айтқан. Сондай-ақ бұрынғы топтастарымен әлі де жақсы қарым-қатынаста екенін жеткізген.