Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Хит әннің кейіпкері кім? Елге танымал әндер кімге арнап шығарылған?

Хит әннің кейіпкері кім? Елге танымал әндер кімге арнап шығарылған?
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Күнделікті тыңдап, жатқа айтып жүрген әндеріміздің артында шынайы оқиғалар жатыр. Бірі баянсыз махаббаттан туса, енді бірі анаға деген сүйіспеншіліктен жазылған. Тіпті бүтін бір халықтың тойында шырқалып жүрген ән алғашында бір ғана жұпқа арналған. Ult.kz қазақ эстрадасындағы төрт танымал әннің шығу тарихына шолу жасады. 

«Сенің көзің» – алғашқы махаббаты Айгүлге арналған

«МузАРТ» тобын халыққа танытқан «Сенің көзің» әнінің тарихы 1989 жылдан басталады. Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне әуен жазған Қанат Ибрагимов ол кезде небәрі тоғызыншы сыныпта оқыған.

Сазгердің жүрегін жаулаған арудың есімі – Айгүл. Ол Қанаттан екі жас кіші болған. Жас сазгер ән шығару арқылы бойжеткенге деген сезімін жеткізгісі келген.

2024 жылы KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында композитор алғашқы махаббатының сазгерлік қабілетін ашуға себеп болғанын айтқан. Алайда екеуінің махаббаты баянсыз болып, қосылмаған.

Қанат Ибрагимов әнді 1993 жылы «Кеш жарық» телебағдарламасында өзі орындаған. Ал 2001 жылы «МузАРТ» тобының репертуарына енген туынды бүкіл елге танылды. 

«Мінезің көркем» – сүйген қызына емес, анасына арналған

Қазыбек Құрайыштың «Мінезің көркем» әнін көпшілік ғашық жандардың бір-біріне арнаған әні деп қабылдайды. Алайда туындының шынайы кейіпкері – әншінің анасы.

Өнер иесі Informburo.kz басылымына берген сұхбатында ана туралы ән жазудың өзіне оңай соқпағанын жеткізген. Махаббат тақырыбында еркін қалам тербегенімен, анаға арналған өлеңнің әр сөзін жазуға ерекше жауапкершілікпен қараған.

«Негізі, «Мінезің көркем» әнін анама арнап жазғанмын», – деген Қазыбек Құрайыш.

Осы ән жарық көргеннен кейін өнер иесінің әлеуметтік желідегі оқырмандары мен тыңдармандарының саны да артқан. 

«Той жыры» – Мұрат пен Сәбираның үйлену тойына арналған

Қазақтың талай тойында шырқалған «Дос-Мұқасан» ансамблінің «Той жыры» әні 1970 жылдың 10 қазанында дүниеге келген.

Сол күні ансамбль мүшесі Мұрат Құсайынов Сәбира есімді аруға үйленген. Достары жас жұбайларға ерекше сыйлық жасағысы келіп, ән шығаруға уағдаласқан. Алайда сабақтан қолдары тимей, туындыны той болатын күні ғана жазуға кіріскен.

Досым Сүлеев пен Ұлықпан Сыдықов жатақханада кездесіп, жарты сағатқа жетер-жетпес уақытта әннің сөзі мен әуенін дайындаған. Сол күні «Ромашка» дәмханасында өткен үйлену тойында әнді алғаш рет Мейірбек Молдабеков орындаған.

Осылайша бір жұптың қуанышына арналған музыкалық сыйлық жарты ғасырдан астам уақыт бойы қазақ тойының ажырамас бөлігіне айналды. 

«Әдемі-ау» – болашақ жары Дарикоға арналған

Ескендір Хасанғалиевтің Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазған «Әдемі-ау» әні де шынайы махаббат хикаясынан туған.

Композитор 1970 жылдары Қарағандыда өткен концерттердің бірінде бір бойжеткенді кездестіріп, оған көңілі ауған. Сол аруға деген сезімі әйгілі әннің дүниеге келуіне түрткі болған.

Арада төрт жыл өткенде Ескендір Хасанғалиев бойжеткенді Алматыда қайта кездестірген. Кейін екеуі шаңырақ көтерген. Ол – композитордың өмірлік жары Дарико Хасанғалиева.

Ескендір Хасанғалиевтің «Гүл сезім», «Есіңе ал», «Ескірмеген махаббат» секілді танымал туындылары да жарына арналған.