Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"Қызды болдым": Толқын Забирова келіні туралы айтты

"Қызды болдым": Толқын Забирова келіні туралы айтты
Фото-коллаж: ult.kz/ ЖИ-мен өңделген

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі Толқын Забирова отбасындағы қуанышты жаңалығымен бөлісті. Өнер иесі келін түсіріп жатқанын айтып, ұлының таңдауына көңілі толатынын жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.

Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында өмірінің жаңа кезеңі туралы сыр шертті. Ол баласын өсіріп, ер жеткізіп, оның шаңырақ көтергенін көру кез келген ата-ана үшін үлкен бақыт екенін айтты.

"Әрине, мен үшін ол өте бір толқынысқа толы ерекше сәттің бірі. Өйткені ана болу, баланы өсіру, осындай деңгейге жеткізіп, оның болашақ теңін тауып, шаңырақ көтеріп жатса, әрине, кез келген ата-ана қобалжиды. Мен ана ретінде өте бақыттымын", – деді әнші.

Сондай-ақ Толқын Забирова шаңырағына келін болып түсіп жатқан арудың тәрбиесі мен мінезіне ерекше тоқталды. Өнер иесі оны сыпайы, биязы, қазақы болмысын сақтаған көрікті қыз деп сипаттап, өз қызындай қабылдауға ниетті екенін жеткізді.

"Менің ұлым өзінің теңін тауып, әдемі, сондай сыпайы, биязы, қазақы мінезі бар қызды үйге алып келіп жатыр. Қызды болып жатырмын. Өте қуаныштымын. Көбісі айтатын "келіндерің қыздай келсін" деп, айтқандарыңыз келсін", – деді өнер иесі.

Әдетте жеке өмірін көпшілікке жария ете бермейтін әнші бұл жолы қуанышын жасыра алмағанын да мойындады.

"Негізі көпшілік білетіндей, мен отбасымда болып жатқан құбылыстармен бөліспеуші едім. Ал енді дәл осы сәтке келгенде қуанышым көңіліме сыймай, бөліскім келді. Кері байланыс білдіріп, жүрек жарған тілектеріңізбен бөлісіп жатқандарыңызға өте қуаныштымын. Баршаларыңызға әр тілекке, әр жылы лебізге, ақ пейіліңізге бас иіп, аналық рақметімді айтқым келеді", – деді Толқын Забирова.

Әншінің жазбасына желі қолданушылары жылы пікір қалдырып, отбасындағы қуанышына ортақтасты.