Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қазақстанда мұғалімдерге арналған арнайы байланыс орталығы ашылды

Қазақстанда мұғалімдерге арналған арнайы байланыс орталығы ашылды
Фото: canva арқылы жасалған.

Мұғалімдер енді мәселесін бір қоңыраумен жеткізе алады. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өз парақшасында жазды, деп хабарлайды ult.kz.

Енді ұстаздар 1472 нөміріне хабарласып, жалақы, жұмыс жүктемесі, құжат жұмыстары және өз құқықтарына қатысты сұрақтарын қоя алады. 

Министрдің айтуынша, жаңа байланыс орталығы «Ұстаз» платформасы аясында жұмыс істейді. Ол педагогтердің күнделікті қызметінде туындайтын мәселелерді жедел шешуге және олардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

Атап айтқанда, мұғалімдер мынадай мәселелер бойынша жүгіне алады:

  • еңбек қатынастары мен еңбек жағдайларына қатысты сұрақтар;
  • жалақы мен қосымша төлемдердің дұрыс есептелуі;
  • мектеп басшылығымен немесе оқушылардың ата-аналарымен туындаған келіспеушіліктер;
  • әдістемелік қолдау алу;
  • педагогтердің кәсіби қызметіне қатысты өзге де мәселелер.

Сондай-ақ ол байланыс орталығына келіп түскен өтініштер педагогтердің құқықтары мен жеке деректерінің құпиялылығы сақтала отырып қабылданатынын атап өтті.

Қазіргі уақытта 1472 байланыс орталығы сынақ режимінде жұмыс істеп жатыр. Осы және келесі аптада жүйенің жұмысы тексеріліп, анықталған техникалық ақаулар жойылады. Министр педагогтерді жаңа мүмкіндікті пайдаланып, өз өтініштері мен ұсыныстарын жолдауға шақырды.