Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қазақстанда сусынға жасырын түрде қауіпті зат қосқандарға қылмыстық жаза енгізілуі мүмкін

Қазақстанда сусынға жасырын түрде қауіпті зат қосқандарға қылмыстық жаза енгізілуі мүмкін
ашық дереккөз

Қазақстанда адамның тамағы мен сусынына оның келісімінсіз қауіпті немесе психобелсенді зат қосқандарға жеке жауапкершілік енгізу ұсынылды. Қазір спайкингке қарсы заңнамалық өзгерістер әзірлеу мәселесі талқыланып жатыр, деп хабарлайды Ult.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

Спайкинг үшін жеке жаза қарастырылмақ

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, спайкингке қарсы шараларды әзірлеуге кірісті. Спайкинг дегеніміз – адамның тамағына немесе сусынына өзіне білдірмей қауіпті не психобелсенді зат қосу.

Бұл мәселе Құқықтық мәдениет және медиация жөніндегі салалық комиссияның жұмыс отырысында қаралды. Жиынға Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Отырыста мұндай әрекеттің құрбаны ересектер де, балалар да болуы мүмкін екені айтылды. Алайда қазір бұл мәселеге қатысты нақты құқықтық реттеу жоқ.

Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова спайкингке қатысты жеке құқықтық норма әзірлеуді ұсынды. Оның айтуынша, заң бұзушылықтың ауырлығына қарай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік белгілеу қажет.

Дәлел жинау тәртібі де өзгереді

Талқылау барысында спайкинг фактісін дәлелдеу мәселесіне де назар аударылды. Ол үшін полиция мен медициналық ұйымдардың өзара әрекетін күшейтіп, улану белгілері байқалған жағдайда токсикологиялық сараптаманы жедел жүргізу ұсынылды.

Қатысушылардың пікірінше, зардап шеккен адамдарға психологиялық және құқықтық көмек көрсету де маңызды. «Esti Bol Qory» қоғамдық қорының төрағасы Жандос Ақтаев әсіресе ірі қалаларда мұндай жағдайға тап болған жастардың қоғамдық айыптауға, жеке мәліметтерінің жария болуына және отбасы тарапынан қысымға ұшырауы мүмкін екенін айтты.

Сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Андрей Лукин жастар арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу шараларын күшейтуді ұсынды. Оның ішінде оқушылардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекеттерге тартудан қорғау және жеке оңалту орталықтарын бақылауды күшейту мәселелері бар.

Заң жобасы әзірленуі мүмкін

Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері ұсыныстарды бірлесіп пысықтау қажеттігін қолдады.

Қазақстан Халық Кеңесі Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік комитетінің төрағасы Марат Әзілханов бұл бағыттағы жұмысты заң жобалары енгізілгенге дейін жалғастыруға дайын екенін жеткізді.

Талқылау қорытындысы бойынша әзірленген ұсыныстар спайкингке қарсы күрес пен зардап шеккендерді қорғауға бағытталған заңнамалық түзетулер топтамасына енгізу үшін пайдаланылмақ.