«Қазгидромет» РМК деректеріне сәйкес, елдің кей аймақтарында қатты жауын-шашын, тұман, көктайғақ болып, желдің екпіні секундына 29 метрге дейін жетуі мүмкін., деп хабарлайды ult.kz.
Астанада 23 қараша күні кешке тұман түседі. Ал 24 қарашада түнде және таңертең тұман мен көктайғақ күтіледі.
Шымкентте 24 қарашада кей уақыттарда тұман болады. Солтүстік-батыстан соғатын желдің түнгі екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Ақмола облысының оңтүстігі мен шығысында түнде қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Батысында, солтүстігі мен шығысында тұман түсіп, көктайғақ болады. Желдің екпіні облыстың солтүстігі мен шығысында секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.
Шығыс Қазақстан облысында да ауа райы қолайсыз болады. Түнде батысы мен солтүстігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), күндіз жаңбыр жауады. Солтүстігі мен таулы аудандарында кей уақыттарда қатты жауын-шашын күтіледі. Желдің екпіні секундына 24-29 метрге дейін жетуі мүмкін.
Абай облысының батысында, солтүстігі мен орталығында түнде жаңбыр жауады. Күндіз оңтүстігі мен орталығында қатты жаңбыр күтіледі. Желдің екпіні секундына 24-29 метрге дейін күшейеді.
Жетісу облысының таулы аудандарында күндіз жауын-шашын, кей уақыттарда қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) болады. Алматы облысының оңтүстігі мен таулы аудандарында жаңбыр жауып, кей уақыттарда қатты жаңбыр күтіледі. Сонымен қатар өңірдің бірқатар аумағында тұман түсіп, желдің екпіні секундына 18-23 метрге дейін жетеді.
Жамбыл облысының таулы аудандарында күндіз қатты жаңбыр жауады. Оңтүстігі мен таулы аймақтарында тұман күтіледі. Желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін күшеюі мүмкін.
Қарағанды облысында түнде жауын-шашын, батысында кей уақыттарда көбінесе жаңбыр түрінде қатты жауын-шашын күтіледі. Күндіз оңтүстігі мен шығысында жауын-шашын болады. Облыстың батысы, солтүстігі мен шығысында тұман түсіп, көктайғақ болуы ықтимал. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Ұлытау облысының батысында, солтүстігі мен шығысында тұман күтіледі. Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жауын-шашын (жаңбыр, қар), тұман және көктайғақ болады. Бұл өңірлерде желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.
Павлодар облысында көбінесе жаңбыр түрінде жауын-шашын күтіледі. Түнде батысы, солтүстігі мен орталығында тұман түсіп, көктайғақ болады. Күндіз желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Батыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында түнде жаңбыр мен қар жауады. Түнде және таңертең бірқатар ауданда көктайғақ пен тұман күтіледі. Ақтөбе облысының батысы, солтүстігі мен шығысында түнде көбінесе жаңбыр түрінде жауын-шашын жауып, көктайғақ болады. Сондай-ақ облыстың бірнеше ауданында тұман түседі.
Атырау облысының солтүстігі, оңтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман күтіледі. Күндіз желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Маңғыстау облысының солтүстік-шығысы мен орталығында тұман болады. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге, күндіз кей уақыттарда 23 метрге дейін күшейеді.
Түркістан облысының батысы, солтүстігі, таулы және тау бөктеріндегі аудандарында тұман күтіледі. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында да тұман болады.
«Қазгидромет» мамандары тұрғындарға ауа райының қолайсыздығын ескеріп, жолға шыққанда сақ болуды ескертеді.