Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"Ондай кісіні танымаймын": Мөлдір Мұқан Тұрсынбек Қабатовқа жауап берді

"Ондай кісіні танымаймын": Мөлдір Мұқан Тұрсынбек Қабатовқа жауап берді
Фото-коллаж: ult.kz

Әнші Мөлдір Мұқан өнерге келуінің себебін айтып, бұрынғы күйеуі Тұрсынбек Қабатовтың өзіне қатысты айтқан сынына жауап берді. Сондай-ақ өнер иесі алдағы шығармашылық жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.

Мөлдірдің айтуынша, ол әншілік жолды ешкіммен бәсекелесу немесе біреуге өзін дәлелдеу үшін таңдамаған. Өнер иесі ән айтуды бұрыннан жақсы көретінін, алғашқы туындысының хитке айналатынын күтпегенін жеткізді.

"Мен ешкіммен жарысып, біреуге бірдеңе дәлелдеу мақсатында емес қой. Шыққысы келіп тұрған өнер шыққан ғой. Ән айту – өзімнің жан қалауым. Хит болсыншы, ел мойындасыншы деген ойда емес. Өз қалауымды орындау. Ол ән сұхбатқа дейін шыққан", – деді әнші.

Сұхбат барысында Мөлдірге бұрынғы күйеуі Тұрсынбек Қабатовтың "Ән айтпай-ақ қойшы" деген сөзіне қатысты сұрақ қойылды. Алайда өнер иесі бұл сауалға қысқа ғана жауап қайтарды.

"Мен ондай кісіні танымаймын", – деді Мөлдір Мұқан.

Әнші бұрынғы жұбайының пікіріне қатысты артық әңгіме қозғағысы келмеді. Оның орнына алдағы шығармашылық жоспарларын баяндады.

Мөлдір Мұқан болашақта әншілікпен ғана шектелмей, кино саласында да бағын сынамақ. Ол кино түсіріп, жеке шығармашылық жобаларын жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.