Ақын Мөлдір Айтбай әнші Өмірқұл Айниязовқа деген өкпесінің тарқап, екеуінің татуласқанын жеткізді. Бұл туралы ол Астанада өткен шығармашылық кешінде айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Бұған дейін әншіге “13-қабырғам” өлеңін жазып берген ақын еңбегінің бағаланбағанына реніш білдірген еді. Оның айтуынша, әншіден жылы сөз бен қолдау күткен.
“Өмірқұл ағамен татуластық. Бір жылқы мінгізді, үйіне шайға шақырды. Ішімнен өсекші, өкпешіл Мөлдір шығып кетіп қызық болды. Адам негізі бағаланғанды қалайды. Маған сол: сен күшті өлең жазып бердің деп арқамнан қақпады. Соған ренжідім, бірақ артынан айтты. Сөйтіп өкпем тарқады”, – деді ақын.
Мөлдір Айтбай әншінің кейін өлеңіне қатысты жылы пікір айтқанын, содан соң ренішінің басылғанын жеткізді.
Айта кетейік, Дариға Бадықова мен Олжас Абай ел алдында жанжалдасты.
Өмірқұл Айниязов кім?
Өмірқұл Өтегенұлы Айниязов — дәстүрлі әнші, жыршы-термеші және эстрада орындаушысы. Ол 1978 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген. Көпшілікке Сыр өңірінің ән-жырын заманауи музыкалық сүйемелдеумен жеткізген өнерпаз ретінде танылды.

Әнші балалық шағының бір бөлігін Арал ауданындағы Шөміш ауылында ата-әжесінің қолында өткізген. Кейін Қазалыға оралып, музыка мектебінің баян сыныбында оқыған. Өзінің айтуынша, терме орындауды ұстазы Досжан Жолдасовтан үйренген. Тоғызыншы сыныптан кейін Ақтөбедегі музыка колледжіне түсіп, одан соң Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Халық әні» кафедрасында білім алған.

Консерваторияда оқып жүргенде Сүйінбай атындағы филармонияда жұмыс істеген. 2016 жылғы сұхбатында Алтынбек Қоразбаевтың қолдауымен 2000 жылы үлкен сахнаға шыққанын айтқан. Кейін «Ән мен әнші», «Жыл әні», «Сағындырған әндер-ай» секілді концерттік жобаларға қатысты.
Оның репертуарында «Ақжайнақ», «Ақтанкерейдің термесі», «Байтақ ел», «Бір шәугім шай» және басқа да әндер мен термелер бар. Өнер иесі шығармашылығында туған жер, елге сүйіспеншілік және ұлттық құндылықтар тақырыбына жиі жүгінеді.
Өмірқұл Айниязов — «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері. 2016 жылы оған «Қазақ тілі» медалі табысталған.