Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер әрі режиссер Иісбек Әбілмәжін шәкірті Қайрат Әділгерейдің студенттік шағында басынан өткен оқиғаны баяндады, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі Аман Тасығанға берген сұхбатында Қайраттың жас кезінен әзілге жақын, айналасына сыйлы болғанын айтты. Алайда 16-17 жасында аяғын сындырып алған актер оқуын аяқтай алмай қаламын деп уайымдаған екен.
"Ол кезде 16-17 жаста Қайрат. Шошаңдап тұрған кезі. Өзінің бір қылықтары бар жағымды. Оған ешкім ренжи алмайды, қалжыңдап бір нәрсе істеп жатса. Сөйтіп жүріп аяқты сындырды. Естіп, төртінші қалалық ауруханаға барсам, жылап жатыр. Жылап жатып, өзінің таңдайына басып, жұбатып қояды. "Қатарымнан қалып қоятын болдым ғой" дейді. "Қалмайсың қатарынан. Мен саған жатып ойнайтын рөл берем" дедім", – деп еске алды режиссер.
Иісбек Әбілмәжін шәкіртінің оқуын өзгелермен бірге аяқтауы үшін амалын тапқан. Ол жас актерге Құнанбайдың сырқаттанып, өмірден өтер алдындағы сәтін сахналауды тапсырған.
"Сосын расымен ойланып, Құнанбайдың ауырып жатқан, өмірден өтетін кезін бердім. Құнанбай қайда? 17 жастағы Қайрат қайда? Бірақ алып шықты. Оны енді Оразхан Кенебаевты шақырдым. Ол өзі ойнаған, 2-3 рет қойған. Сол жатып ойнап, дипломын алып, қатарынан қалмай шықты", – деді өнер иесі.
Осылайша, Қайрат Әділгерей аяғының сынғанына қарамастан сахнаға шығып, өзінен әлдеқайда үлкен кейіпкерді сомдаған. Ұстазының қолдауының арқасында дипломдық жұмысын сәтті қорғап, қатарластарымен бірге оқуын аяқтаған.
Иісбек Әбілмәжінов кім?
Иісбек Рамазанұлы Әбілмәжінов – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері, режиссер, драматург, ұстаз. Ол 1955 жылы 18 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында дүниеге келген.
Еңбек жолын Семейдегі Абай атындағы музыкалық драма театрында бастап, кейін Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында қызмет еткен. Актер "Шал", "Кемпір", "Қазақша бизнес", "Елбасы жолы" сынды кинотуындыларға түскен.
Сондай-ақ "Қазақ хандығы: Алмас қылыш" тарихи фильмінде Асан қайғының бейнесін сомдаған.
Өмірінің 40 жылдан астам уақытын өнерге арнаған қайраткер Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ұстаздық етіп, Қайрат Әділгерей сынды актерлерді тәрбиелеген.