Ресейлік танымал орындаушы Дима Билан елордаға келген сапарында өзімен аты-жөні бірдей төрт жасар қазақстандық бүлдіршінмен жүздесті. Кішкентай Дима сүйікті әншісінің концертін тамашалау үшін Шығыс Қазақстан облысынан арнайы алдырылған, деп хабарлайды Ult.kz.
Жүздесу 20 қараша күні «Барыс Арена» мұз сарайында өткен ән кешінен соң ұйымдастырылды. Өнер иесі әлеуметтік желідегі жеке парақшасында кішкентай аттасымен түскен естелік фотоларын бөлісіп, бұл кездесудің ерекше әсер қалдырғанын атап өтті.
Бүлдіршін көпшілікке биыл көктемде желіде кең тараған бейнеролик арқылы танымал болған еді. Кадрда есімін сұраған сәтте бала еш мүдірместен өзін Дима Билан деп таныстырған. Кейін оның құжат бойынша да әншінің толық аттасы екені белгілі болды.
Бұл бейнежазбаны өскемендік Әсем Қарабалина ата-анасының үйіне барған сапарында таспаға түсіріп алған. Желіде хитке айналған видеоны ресейлік әншінің өзі де көріп, парақшасында жариялаған болатын. Сол кезде-ақ өнерпаз қарашада Астанада өтетін концертіне қазақстандық кішкентай аттасын шақыруға ниет білдірген. Бұл игі бастаманың жүзеге асуына BI Group компаниясы қолдау көрсеткен.
Бұдан бөлек, Дима Билан аталған видеоның авторы Әсем Қарабалинаның шаңырағына да жылы лебізін білдірді. Қазіргі уақытта әйелдің ауыр дертке шалдыққан ұлы Оңтүстік Кореяда емделіп жатыр. Әнші отбасына рухани демеу көрсетіп, баланың тезірек құлан-таза айығып кетуіне тілектестік білдірді.