Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Астанада жүргізуші куәлігіне онлайн емтихан тапсыруға болады

Астанада жүргізуші куәлігіне онлайн емтихан тапсыруға болады
ашық дереккөз

Астанада жүргізуші куәлігін алғаш рет алатын азаматтар жол қозғалысы ережелері бойынша теориялық емтиханды онлайн тапсыра алады. Енді Мамандандырылған ХҚКО-ға бармай-ақ, компьютер арқылы тестілеуден өтуге мүмкіндік бар. Алайда емтихан кезінде үміткерді екі камера бақылайды, деп хабарлайды ult.kz.

Пилоттық жоба eGov Mobile қосымшасында іске қосылды. Қызмет «ХҚКО қызметтері» бөліміндегі «Теорияны онлайн тапсыру» қызметі арқылы қолжетімді.

Әзірге бұл мүмкіндікті тек Астанада тұрақты тіркеуі бар және жүргізуші куәлігін алғаш рет алатын азаматтар пайдалана алады. Ал Мамандандырылған ХҚКО-дағы дәстүрлі емтихан тапсыру тәртібі өзгеріссіз қалады.

Онлайн емтихан тапсыру үшін қандай талаптар бар?

Үміткерде мынадай талаптар болуы керек:

  • Астанада тұрақты тіркеуі болуы;
  • бұған дейін жүргізуші куәлігін алмаған және көлік басқару құқығынан айырылмаған болуы;
  • автомектепті бітіргені туралы жарамды куәлігі мен медициналық анықтамасы болуы;
  • диспансерлік есепте тұрмауы.

Емтихан қалай өтеді?

Өтініш беріп, төлем жасағаннан кейін үміткердің жеке кабинетіне арнайы сілтеме жіберіледі. Оның жарамдылық мерзімі – 30 күн.

Емтиханды тек компьютер немесе ноутбук арқылы тапсыруға болады. Телефон мен планшет жарамайды. Тестілеу күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі.

Алдымен үміткер түс ажырату қабілетін тексеруден өтеді. Одан кейін 40 сұраққа жауап беру үшін 40 минут уақыт беріледі. Емтиханнан өту үшін кемінде 32 сұраққа дұрыс жауап беру қажет. Егер үміткер тесттен өте алмаса, оны келесі күні ғана қайта тапсыра алады.

Екі камерамен бақылайды

Онлайн емтихан ExamApp бағдарламасындағы прокторинг жүйесі арқылы өтеді. Тестілеу басталар алдында үміткер камераға бөлмені көрсетуі керек.

Бұдан бөлек, смартфонды үміткерден 1,3 метр қашықтықта, бүйір жаққа орналастырып, екінші камера ретінде пайдалану қажет. Екі камераның кадрына үміткердің өзі, үстел мен компьютер мониторы толық түсуі тиіс.

Емтихан кезінде басқа браузер бетіне ауысуға, VPN және қашықтан басқару бағдарламаларын пайдалануға тыйым салынады. Мұндай әрекеттер жүйе арқылы бұғатталады.

Теориялық емтиханнан сәтті өткен азамат практикалық жүргізу емтиханына әдеттегі тәртіппен – «ХҚКО» қосымшасы немесе Мамандандырылған ХҚКО арқылы жазыла алады.