Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"Анам бақида...": Сәкен Майғазиев Еркештің сөзін еске алып, көзіне жас алды

"Анам бақида...": Сәкен Майғазиев Еркештің сөзін еске алып, көзіне жас алды
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Белгілі әнші Сәкен Майғазиев "Хабар" телеарнасындағы "Топ тартыс" бағдарламасында анаға деген сағыныш туралы айтып, көпшіліктің көңілін босатты. Өнер иесі әнші Еркеш Хасеннің басынан өткен оқиғаны еске алып, эмоциясына ерік берді, деп хабарлайды ult.kz.

Бағдарлама барысында Сәкен Майғазиев Еркеш Хасеннің анасынан ерте айырылғанын айтып, оның бір сұхбатында бөліскен оқиғасын баяндады.

"Еркеш әлі күнге дейін бала ғой бізге. Анасынан ерте айырылды. Айдана да ерте айырылды. Осында анасынан ерте айырылған азаматтар отыр. Айтайын дегенім, Еркеш бір досымен бірге пәтерде тұрып жүріп, әлгі жігітке қоңырау шалып қалады. Сонда әлгі жігіт ұйқылы-ояу жатып анасының қоңырауын қабылдамай қояды ғой. Сол кезде Еркештің айтқаны бар да: "Бір күні уақыттар келеді сенің анаң саған қоңырау шала алмай қалатын. Сен қазір осындай бақытқа иесің. Ал менде ондай бақыт жоқ. Менің анам бақида. Сен қоңырауды көтер", деп айтқан екен", – деді әнші.

Сәкен Майғазиев дәл осы оқиғадан кейін Еркешке "Асыл ана" әнін орындауды ұсынғанын жеткізді. Оның айтуынша, ана мейірімін ерте жоғалтқан әнші бұл туындының мағынасын жүрегімен сезініп, тыңдарманға жеткізе алады.

"Сол сұхбатты көргеннен кейін бұл "Асыл ана" әнін сен ғана жүрегіңмен жеткізе аласың деп ұсынған едім. Айып етпеңіздер, мен де эмоцияға ерік беріп отырмын", – деді ол көзіне жас алып.

Өнер иесі сөз соңында "Топ тартыс" бағдарламасының көрерменге берер тағылымына да тоқталды.

"Осы сәтті пайдаланып айтқым келеді, бұл бағдарлама жалпы ғибратты бағдарлама болып тұр да маған. Неге десеңіздер, осы сәтті көріп адамдар сағынышын баса алады, өткенді есіне ала алады. Зор мүмкіндік болып тұр. Бұл рухани тәрбие беретін бағдарлама болып тұр. Неге десеңіздер, ұрпақтардың сабақтастығы, бір арнаға тоғысуын көруге болады", – деп қорытындылады әнші.

Айта кетейік, "Топ тартыс" бағдарламасы "Хабар" телеарнасынан әр сенбі сағат 18:00-де көрсетіледі.