Телефон және интернет алаяқтары егде жастағы адамдарды алдаудың түрлі амалын қолданады. Бірі жақындарының басына қиындық түскенін айтып қорқытса, енді бірі өзін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстырады. Ақтөбе облысының полиция департаменті зейнеткерлерді алдаудың кең таралған бес тәсілін атады, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, алаяқтар көбіне егде жастағы азаматтардың жақындарына деген алаңдаушылығын және қаржылық сауаттылығының төмендігін пайдаланады. Олар сенімге кіріп, өмір бойы жинаған қаражатын иемденуге тырысады.
Қаскөйлер жиі қолданатын бес тәсіл:
1. «Туысыңыз қиын жағдайға тап болды».
Алаяқтар жақын адамыңыз жол-көлік оқиғасына ұшырады немесе полицияға ұсталды деген жалған хабар таратады. Оны қиындықтан құтқару үшін шұғыл ақша талап етеді.
2. «Ақшаңызға қауіп төніп тұр».
Өзін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар шотыңыздағы қаражатқа қауіп төніп тұрғанын айтып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді.
3. «Есептегішті ауыстыру қажет».
Коммуналдық қызмет маманы болып хабарласқан қаскөйлер есептегішті ауыстыру немесе тексеру сылтауымен SMS арқылы келген растау кодын сұрайды. Осылайша жеке деректер мен банк шоттарына қол жеткізбек болады.
4. «Сізге өтемақы тиесілі».
Қосымша төлем немесе зейнетақыны қайта есептеу сылтауымен хабарласып, банк картасының деректері мен SMS-кодтарды сұрайды.
5. «Тиімді инвестиция».
Азаматтарға қысқа мерзімде жоғары әрі кепілді табыс табуға уәде беріп, күмәнді инвестициялық жобаларға ақша салуға үгіттейді.
Ақтөбе облысында осы тәсілдердің бірінен зейнеткер зардап шеккен. 65 жастағы ер адамға белгісіз біреулер есептегіш орнату сылтауымен хабарласып, SMS-кодты айтуды сұраған. Кейін өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар оны ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген. Салдарынан зейнеткер 4 миллион теңгесінен айырылған.
Осыған байланысты полиция тұрғындарды егде жастағы ата-аналары мен жақындарының қаржылық қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады. Мамандар бейтаныс адамдарға SMS-кодтарды, банк картасының деректерін бермеуді және телефон арқылы айтылған талаппен ақша аудармауды ескертеді.