Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Прокуратура экс-әкім Кәрім Көкірекбаевтың босатылуына қарсы шықты

Прокуратура экс-әкім Кәрім Көкірекбаевтың босатылуына қарсы шықты
ашық дереккөз

Алматы облысының прокуратурасы Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаевты мерзімінен бұрын босату туралы сот шешімімен келіспеді. Коррупциялық қылмыс үшін 12 жылға сотталған экс-шенеуніктің ісі қайта қаралуы мүмкін, деп хабарлайды ult.kz.

Прокуратураның ресми түсініктемесіне сүйенсек, 2026 жылғы 17 қарашада Алатау қаласының соты №57 мекеме әкімшілігінің Көкірекбаевты ауыр науқасына байланысты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы өтінішін қанағаттандырған. Бұған Қазақстан Қылмыстық кодексінің 75-бабы негіз болған.

Алайда сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.

«Қазіргі уақытта прокуратура органдары аталған сот актісінің күшін жою туралы жеке өтінішхат енгізді», – делінген ведомство хабарламасында.

Енді экс-әкімді босату туралы шешімді Алматы облыстық соты қайта қарайды.

Қарым Көкірекбаев 12 жылға сотталған

Еске салайық, 2022 жылғы желтоқсанда Кәрім Көкірекбаевты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері ұстаған. Ол кезде бұрынғы әкім Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесін басқарған.

Тергеу материалдарына сәйкес, ол кәсіпкерлерден орындалған жұмыстар актілеріне қол қою және жалпы қамқорлық көрсету үшін 396 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.

2024 жылдың жазында алқабилер соты Көкірекбаевты алғашында ақтап шығарған. Алайда прокуратура бұл үкімге шағым түсіріп, іс қайта қаралған.

2025 жылғы 3 шілдеде бұрынғы шенеунік 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Осы іс бойынша оның орынбасары Әділет Ахатаев пен мердігер ұйымның басшысы Андрей Поплавский де 11 жылдан жаза алған.

Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, Көкірекбаевты босату туралы шешім шыққан кезде ол тағайындалған 12 жылдық жазасының шамамен төрт жылын қамауда өткізген.