Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Түркістанда жоқ техниканың есебінен 1,1 млрд теңге субсидия алынған

Түркістанда жоқ техниканың есебінен 1,1 млрд теңге субсидия алынған
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бөлінген 1,1 млрд теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен ер адам ұсталды. Тергеу дерегінше, ол 37 жаңбырлатып суару машинасын жеткізбесе де, жалған құжаттар арқылы мемлекеттен субсидия алған, деп хабарлайды ult.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдікті субсидия қаражатын иемдену схемасын ұйымдастырып, техника жеткізуші, лизинг беруші және мемлекеттік қолдау алушы ұйымдардың қызметін өз бақылауына алған.

Атап айтқанда, «Агрохолдинг Туркестан» және «JMJ-Агро» ЖШС арқылы 81 жаңбырлатып суару машинасын сатып алуға субсидия алу жөнінде өтінімдер рәсімделген. Ал лизинг беруші ретінде күдіктінің бақылауындағы «АгроПромЛизинг» микроқаржы ұйымы көрсетілген. Бюджет қаражаты осы ұйымның арнайы шотына аударылған.

Алайда тергеу барысында 81 техниканың 37-сі іс жүзінде жеткізілмегені және орнатылмағаны анықталған. Соған қарамастан, міндеттемелер толық орындалғаны туралы жалған қабылдау-тапсыру актілері жасалған.

Осы құжаттардың негізінде бюджет қаражаты күдіктінің бақылауындағы ұйымдардың шоттарына аударылған. Нәтижесінде мемлекетке 1,1 млрд теңге көлемінде залал келген.

Күдікті қамауға алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне қатысты өзге ақпарат жария етілмейді.