Ақтөбе облысының Шалқар ауданында мектептің үш бухгалтері бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды. Олар төрт жыл бойы қызметкерлердің жалақысын негізсіз көбейтіп, мемлекетке 82 млн теңгеден астам шығын келтірген, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы Ақтөбе облысының прокуратурасы хабарлады.
Прокуратураның мәліметінше, заңбұзушылық Шалқар ауданындағы бюджет қаражатының жұмсалуын тексеру кезінде анықталған.
Тергеу барысында «№5 мектеп-лицейі» КММ-нің бас бухгалтері өзге екі бухгалтермен сөз байласқаны белгілі болды. Олар 2021–2024 жылдары мектеп директорының электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, қызметкерлердің жалақысын қолдан көбейтіп отырған. Артық аударылған ақшаны қызметкерлер қолма-қол ақшаға айналдырып, бухгалтерлерге қайтарып берген.
Осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен іс қозғалды.
Шалқар аудандық сотының үкімімен үш айыпталушы да кінәлі деп танылды. Сот бас бухгалтерді 8 жылға, қалған екі бухгалтерді 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Сонымен қатар олардың барлығына 10 жыл бойы бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Алайда кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты сот жазаны өтеуді кейінге қалдырды.
Үкім заңды күшіне енді.