Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"Билетін жыртып тастады": Алтынбек Қоразбаев Асанәлі Әшімовті еске алды

"Билетін жыртып тастады": Алтынбек Қоразбаев Асанәлі Әшімовті еске алды
Фото-коллаж: ult.kz

Белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев актер Асанәлі Әшімовпен арадағы сыйластығы туралы сыр шертті. Сазгер өнердегі ағасының бір кездері ұшақ билетін жыртып, жоспарын өзгерткенін айтып, ел есінде қалған өнер иесіне арнап жазған әнінің тарихын бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.

Алтынбек Қоразбаев бұл оқиғаны сұхбаттарының бірінде әңгімелеген. Оның сөзінше, Асанәлі Әшімов екеуі ұзақ жылдар бойы етене араласып, ағалы-інілі адамдардай сыйласқан. Актер сазгерге үнемі қамқорлық көрсетіп, жақын бауырындай еркелеткен.

Композитор осыдан 36 жыл бұрын болған бір оқиғаны еске алды. Сол кезде ол жаңадан көлік сатып алып, Жамбыл облысының нөмірімен жүрген екен. Асанәлі Әшімов жаңа көлікті көріп, сазгердің қуанышына ортақтасқан. Екеуі дастарқан басында әңгімелесіп отырған кезде Қоразбаев ертеңіне ұшақпен жолға шығатынын айтқан. Алайда актер оның ұшақпен кетуіне келіспеген.

"Ертең ұшамын деп едім, билетімді жыртып тастады да: "Ертең машинамен барамыз", – деді. Солай мені еркелететін", – деп еске алды композитор.

Сазгер бұл әрекетті Асанәлі Әшімовтің өзіне деген ерекше ықыласы деп қабылдаған. Оның айтуынша, екеуінің қарым-қатынасы өнердегі әріптестіктен әлдеқайда жақын болған. Олар қуанышты сәттерде де, өмірдің түрлі кезеңдерінде де бір-біріне қолдау көрсетіп отырған.

Әңгіме барысында Алтынбек Қоразбаев Асанәлі Әшімовке арнап шығарған "Жан балам" әнінің қалай дүниеге келгенін де айтып берді. Композитордың сөзінше, бұл туындыны дайындауға үш жыл уақыт жұмсаған. Алайда сазгер үшін әнді жазудан гөрі оны Асанәлі Әшімовтің өзіне орындату маңызды болған. Өйткені әйгілі актер бұған дейін әнші ретінде сахнаға шығып, көпшілік алдында ән шырқамаған екен.

"Менің бақытым – ол әнді өзіне айтқызғаным. Аға еш уақытта ән айтып сахнаға шықпаған", – деді Алтынбек Қоразбаев.

Осылайша, сазгер өнердегі ағасына деген құрметін ән арқылы жеткізіп, оның сахнада ән орындауына себепкер болғанын ерекше ықыласпен еске алды.