Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"28 жасымда салдым": Азамат Сатыбалды зәулім үйін көрсетті

"28 жасымда салдым": Азамат Сатыбалды зәулім үйін көрсетті
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Танымал актер Азамат Сатыбалды спортшы Еркебұлан Тоқтарды үйіне қонаққа шақырып, 580 шаршы метрлік баспанасын көрсетті. Өнер иесі зәулім үйді небәрі 28 жасында салғанын айтып, оның әр бұрышында өзіне қымбат естеліктер сақталғанын жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.

Актер қонағына үйінің ішін аралатып жүріп, баспананы қалай тұрғызғанын еске алды. Оның сөзінше, алғашқыда үйдің мұншалықты үлкен болатынын жоспарламаған. Құрылысқа қатысты тәжірибесі болмағандықтан, қабат санын көбейте берген.

"Бұл үйді 28 жасымда өзім салдым. 30 жасымда көшіп кірдім. Содан бері осында тұрамын, ештеңесін өзгертпедім. Ол кезде тәжірибеміз жоқ, қызығып, қабаттарын көбейте бергенбіз. Сөйтіп, төрт қабатты үй болып шықты. Жалпы аумағы – 580 шаршы метр", – деді актер.

Азамат Сатыбалды үйдің іші салынған кездегі қалпын сақтап тұрғанын айтты. Кең бөлмелер мен қонақ күтетін залдар классикалық үлгіде безендірілген. Жұбайы Назгүл Қарабалина ара-тұра жиһаздарды ауыстырып, үйді жаңартуды ұсынғанымен, актер ескі дүниелерді сақтағанды жөн көреді. Оның айтуынша, үйдегі кейбір жиһаздар ата-анасынан қалған. Сондықтан оларды жай ғана тұрмыстық бұйым емес, отбасының өткен өмірінен сыр шертетін естелік деп есептейді.

Актердің үйіндегі ерекше орындардың бірі – төртінші қабат. Мұнда оның театр қойылымдары мен кино түсірілімдерінде киген костюмдері сақталған. Өнер иесі жылдар бойы жинаған сахналық киімдерін де қонағына таныстырды. Сондай-ақ үйдің осы бөлігінде Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлының портреттері ілінген. Азамат Сатыбалды ұлт зиялыларының суреттері өзіне үнемі ой салып, ел алдындағы жауапкершілігін еске түсіретінін айтты.

Актердің үйін көрсеткен бейнежазбасы әлеуметтік желі қолданушыларының да назарын аударды. Көпшілік баспананың көлеміне ғана емес, өнер иесінің отбасылық құндылықтарға деген көзқарасына да тәнті болған.

"Өнерде ғана емес, күнделікті өмірде де мықты азамат екен", "Азамат аға мен Назгүл әпкеге құрметім артты осы сұхбаттан кейін", "Тектінің тұнығы, асылдың сынығы десе де болады екен", "Нағыз қазақы тәрбие, текті, үлгілі отбасы. Махаббат деген осы", – деп жазды желі қолданушылары.

Азамат Сатыбалды кім?

Азамат Сатыбалды – қазақстандық театр және кино актері, продюсер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1977 жылы 2 қарашада Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында дүниеге келген.

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын театр және кино актері мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын Қостанай облыстық драма театрында бастап, кейін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында өнер көрсетті.

2018–2022 жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрын басқарып, кейін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарды.

2023 жылы Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының президенті болып тағайындалды