Geely Galaxy бренді Қазақстандағы қызметінің жылдығына орай жаңа қосылатын гибридті Monjaro EM-i кроссоверін таныстырып, көлікке алдын ала тапсырыс қабылдауды бастады. Модель екі нұсқада ұсынылады. Бағасы – 14,99 миллион теңгеден басталады, деп хабарлайды ult.kz.
Қазақстандағы Allur автомобильдер тобының портфеліндегі Geely Galaxy бренді жаңа Monjaro EM-i гибридті кроссоверін нарыққа шығарды. Көлік MAX және ULTRA деп аталатын екі жинақтамада қолжетімді.
MAX нұсқасы алдыңғы жетекпен жабдықталған және 279 ат күшіне ие. Ал толық жетекті ULTRA нұсқасының қуаты – 340 ат күші.
Екі нұсқада да 1,5 литрлік бензинді турбомотор, электр қозғалтқышы және үш сатылы 3DHT гибридті трансмиссиясы біріктірілген. Автокөлік PHEV технологиясымен жабдықталған, яғни оның аккумуляторын сыртқы қуат көзінен зарядтауға болады. Бұл қала ішінде электр қуатымен жүруге, ал ұзақ сапарларда гибридті жүйені пайдалануға мүмкіндік береді.
MAX жинақтамасы 544 Н·м айналу моментін қамтамасыз етеді. Ол сағатына 100 шақырым жылдамдыққа 7,7 секундта жетеді. Сыйымдылығы 18,4 кВт·сағ аккумулятор бір қуатпен электр режимінде 92 шақырымға дейін жүруге мүмкіндік береді. Ал жалпы жүріс қоры NEDC циклі бойынша 1200 шақырымға дейін жетеді.
Толық жетекті ULTRA нұсқасының айналу моменті – 667 Н·м. Ол 100 шақырым жылдамдыққа 5,83 секундта үдейді. Сыйымдылығы 29,8 кВт·сағ аккумуляторы электр қуатымен 130 шақырымға дейін жүруге мүмкіндік береді. Жалпы жүріс қоры – 1095 шақырымға дейін.
Жылдам тұрақты ток зарядтау станциясында аккумулятор қуатын 30-дан 80 пайызға дейін толықтыруға MAX нұсқасына шамамен 20 минут, ал ULTRA нұсқасына 15 минут қажет. Бұл уақыт зарядтау станциясының қуатына, ауа температурасына және аккумулятордың жағдайына байланысты өзгеруі мүмкін.
Кең салон мен заманауи жабдықтар
Monjaro EM-i кроссоверінің ұзындығы – 4800 мм, ені – 1895 мм, биіктігі – 1700 мм. Дөңгелек базасы 2845 мм. Жүксалғышының көлемі 633 литрді құрайды. Артқы орындықтардың арқалығын бүктегенде бұл көрсеткіш 1532 литрге дейін ұлғаяды.
Көліктің стандартты жабдықталуына электр жетегі бар панорамалық шатыр, екі аймақты климат-бақылау жүйесі, алдыңғы және артқы орындықтарды, руль мен алдыңғы әйнекті жылыту функциялары кіреді.
Сондай-ақ Flyme Auto мультимедиалық жүйесі орнатылған. Орталық экранның өлшемі – 15,4 дюйм. Жүйе Apple CarPlay және Android Auto платформаларын қолдайды.
Жүргізушіге көмектесетін жүйелер қатарында адаптивті круиз-бақылау, автоматты шұғыл тежеу, жолақта ұстау көмекшісі, соқыр аймақтарды бақылау және 540 градустық шолу жүйесі бар. Соңғысы көліктің астындағы кеңістікті де экраннан көруге мүмкіндік беретін «мөлдір шасси» функциясымен жабдықталған.
Ал жоғары жинақтамада 25,6 дюймдік W-HUD проекциялық дисплей, 16 динамикті аудиожүйе, алдыңғы орындықтарды желдету және массаж жасау функциялары қарастырылған. Сонымен қатар ULTRA нұсқасында шудан қорғайтын атермалды алдыңғы әйнек бар.
Көліктің бағасы қанша?
Қазақстанда Geely Galaxy Monjaro EM-i көлігінің MAX жинақтамасы 14 990 000 теңгеден, ал ULTRA нұсқасы 15 990 000 теңгеден сатылымға ұсынылады.
Алдын ала тапсырысты Қазақстандағы ресми Geely Galaxy дилерлік орталықтарында рәсімдеуге болады. Ол үшін көлік құнының 10 пайызын алдын ала төлеу қажет.
Арнайы ұсыныс бойынша алдын ала тапсырыс беріп, 10 пайыз көлемінде төлем жасаған алғашқы 150 клиентке қысқы дөңгелектер жиынтығы сыйға беріледі. Клиенттердің кезегі алдын ала төлем жасалған уақытқа қарай анықталады.
Жинақтамалар мен тапсырыс рәсімдеу шарттары туралы толық ақпаратты ресми дилерлік орталықтардан алуға болады.