Алтай қаласында құтқарушылар жұқа мұз астына түсіп кеткен тоғыз жасар баланы мұздай судан алып шықты, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға Құрчатов көшесі маңындағы батпақты аумақта болған. 2017 жылы туған бала суға түсіп кеткен. Алайда Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері дер кезінде көмекке келіп үлгерген.
Құтқарушылар баланы судан шығарып, оқиға орнына келген жедел жәрдем бригадасына тапсырды. Алдын ала мәлімет бойынша, балаға суық өту диагнозы қойылған.
Бала ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оның жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда.
Төтенше жағдайлар министрлігі жұқа әрі әлі қатпаған мұздың қауіпті екенін еске салып, ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға, мұзға шығудың қауіптілігін түсіндіруге және олардың су айдындары маңында ойнауына жол бермеуге шақырды.