Алматы қаласында жүргізілген паспорттау жұмыстарының қорытындысы бойынша көшкін қаупі бар 200-ден астам учаске анықталды. Бұл жұмыстарды қала әкімдігі География және су қауіпсіздігі институтымен бірлесіп жүргізген, деп хабарлайды ult.kz.
Бір күн ішінде мамандар көшкін қаупі бар 73 учаскені аралады. Тұрғындарға топырақ көшкінінің белгілері, эвакуациялау тәртібі және қауіпсіздік шаралары түсіндірілді.
Мамандардың алдын ала бағалауынша, қауіпті учаскелердің шамамен 80 пайызына адам әрекеті себеп болған. Негізгі себептер – үй құрылысы кезінде беткейлерді қазып, кесу, жерді шамадан тыс суару, нөсерлік кәріз жүйесінің болмауы және су құбырлары желісіндегі ақаулар.
2026 жылы Алматыда техногендік сипаттағы көшкін құбылыстарының 15 жағдайы тіркелген. Оның ішінде алты рет топырақ опырылуы, үш көшкін және алты рет топырақтың сырғуы болған.
Құтқарушылар таулы аймақтардың тұрғындарын беткейлерді қазып, кесуден аулақ болуға, су құбыры мен кәріз желілерінің жағдайын бақылауға, судың жиналуына жол бермеуге, сондай-ақ жаңбыр және еріген қар суларын қауіпсіз бағытқа бұруға шақырады.