Әнші Мақпал Исабекова төрт жыл бойы бала күтімімен үйде отырғанын, екі жыл бұрын ажырасқанын және тағы да ана атанғысы келетінін айтты. Ол бұл туралы “Zamandas” бағдарламасына берген сұхбатында бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі балалары дүниеге келген соң шығармашылыққа үзіліс жасаған. Бұл шешімді өзі қабылдағанын айтады. Әнші ұлын 38 жасында, қызын 40 жасында босанған. Қазір ұлы төртте, қызы екі жаста.
“Сол себепті олардың қалай өсіп, қалай өзгеріп жатқанын көргім келді. Балаға күтім жасауға көмекшім де болмады, тек ұлым 9 айлық болған кезде ғана алдым”, – деді Мақпал Исабекова.
Сұхбатта әнші босанғаннан кейін депрессияға түскенін де айтты. Ал бұрынғы күйеуімен Шымкентте танысқан. Үйленгеннен кейін екеуі екі қалада тұрған. Мақпал Алматыда қалса, жұбайы Шымкентте тұрған. Балалары дүниеге келгеннен кейін де ол отбасына келіп-кетіп жүрген. Әншінің сөзінше, олардың некесі екі жыл бұрын бұзылған.
Исабекова тағы да ана атанғысы келетінін жасырмады.
“Тағы екі бала дүниеге әкелгім келеді. Уақыттың өтіп бара жатқанын түсінемін, бірақ қазір 45 жаста да босануға болады ғой. Жас деген жай сылтау ғана. Ажырасып кеттім”, – деді әнші.
Қазір Мақпал Исабекова шығармашылыққа қайта оралып, фильмдер мен сериалдарға түсіп жүр. Кей жобаларда басты рөлді де сомдаған. Айтуынша, қазіргі негізгі табыс көзі – концерттер мен кинодағы жұмысы.
Мақпал Исабекова кім?
Мақпал Исабекова – қазақстандық эстрада әншісі, актриса және тележүргізуші. Ол 1984 жылы 21 ақпанда Жаркент қаласында дүниеге келген. Көпшілікке 2003 жылы басталған “SuperStar KZ” жобасы арқылы танылды.

2005 жылы Исабекова “Первый поцелуй” атты алғашқы альбомын шығарды. Сол жылы Латвияның Юрмала қаласында өткен “Новая волна” халықаралық байқауында көрермен көзайымы жүлдесін иеленді. Оның репертуарында “Аяла мені”, “Мен жайлы” және “Кто остановит дождь?” әндері бар.

Исабекова кино саласында да өнер көрсетті. 2014 жылы “Загнанная” фильмінде басты рөлді сомдады. 2016 жылы Disney студиясының “Моана” мультфильмінің қазақша нұсқасында басты кейіпкерді дыбыстады.