Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

“Президент Құдайдың сүйікті пендесі”: Атхамбек Юлдашевтің пікірі талқыға түсті

“Президент Құдайдың сүйікті пендесі”: Атхамбек Юлдашевтің пікірі талқыға түсті
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Атхамбек Юлдашевтің билік туралы айтқан пікірі әлеуметтік желіде қайта талқыланып жатыр. Өнер иесі бұл ойын Нұрсейіт Жылқышыбайдың “Уақыт көрсетеді” бағдарламасына берген сұхбатында білдірген, деп хабарлайды ult.kz.

Ана туралы әнімен көпшілікке танылған әнші сұхбат барысында ел басқару тақырыбына тоқталған. Оның пікірінше, ел тізгінін ұстау Құдайдың сүйікті пендесіне ғана бұйырады.

Соңғы жылдары қайырымдылықпен айналысып, мұқтаж жандарға көмектесіп жүрген өнер иесінің сөзіне желі қолданушылары да пікір білдірген.

“Тоқаевты расымен Жаратушы жіберген”, – деп жазған оқырмандардың бірі. Тағы бір қолданушы әншінің адамгершілігіне тоқталған.

“Бұл кісіні Шымкенттің біраз тұрғыны таниды. Ақкөңіл, қолы ашық, жомарт адам”, – деп пікір қалдырған ол.

Айта кетейік, Танымал әнші 65 жасқа толуына екі күн қалғанда өмірден өтті. 

Атхамбек Юлдашев кім?

Атхамбек Юлдашев – Шымкенттің әншісі, актер әрі продюсер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол қазақ тыңдармандарына “Анама деп” әнімен танылды. Otyrar басылымының дерегінше, Юлдашев 2012 жылы Астанада алғаш рет жеке концертін өткізген.

Өнер иесі кино саласында да еңбек еткен. Otyrar-ға берген сұхбатында өзі түсірген фильмдерді ата-анасына арнағанын айтқан. 2013 жылы Шымкентте аналарға арналған тегін концерт өткізіп, оған Қазақстан мен Өзбекстанның эстрада әншілері қатысқан.

Юлдашев қайырымдылықпен де айналысқан. Otyrar мәліметінше, 2011 жылы ол Шымкенттегі №51 мектепке 500 мың теңге берген. Ал Нұрсейіт Жылқышыбайдың “Уақыт көрсетеді” бағдарламасында Өзбекстандағы тойлар мен концерттерден тапқан ақшасын Қазақстандағы көмекке мұқтаж адамдарға бергенін айтқан.