“МузАРТ” тобының әншісі Сәкен Майғазиев анасы Ұлтай Мырзамбекқызының дүниеден өткеніне қырық күн болғанын айтып, Instagram парақшасында видео жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Бейнежазбада әншінің зират ішінде келе жатқаны көрінеді. Ол видеоға Үкітай Ерниязовтың “Анасы жоқ адамдар” әнін қойған.
“Анашымсыз өткен қырық күн”, – деп жазды Сәкен Майғазиев.
Айта кетейік, Мақпал Жүнісова Мейрамбектің тойына неге бармағанын түсіндірді.
Сәкен Майғазиев кім?
Сәкен Қордабайұлы Майғазиев – қазақ эстрадасының әншісі, “МузАРТ” тобының алғашқы құрамындағы өнерпаздардың бірі. Ол 1975 жылы 1 қаңтарда қазіргі Түркістан облысының Созақ ауданында дүниеге келген. Әкесі Қордабай Майғазыұлы мен анасы Ұлтай Мырзамбекқызы он бала тәрбиелеген. Сәкен – отбасындағы тоғызыншы бала.

Ол Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде оқып, кейін Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында эстрада әншісі мамандығы бойынша білім алған.

2001 жылы Мейрамбек Беспаев және Мақсат Базарбаевпен бірге “МузАРТ” тобында өнер көрсете бастады. Топ “Сенің көзің”, “Шынарым”, “Анаға сәлем” әндерімен көпшілікке танылды.
Сәкен Майғазиев – “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. 2013 жылы оған “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағы берілді.