Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Петропавлда Ozon мен Alibaba тауарларына арналған ірі логистикалық орталық салынады

Петропавлда Ozon мен Alibaba тауарларына арналған ірі логистикалық орталық салынады
СҚО әкімдігі

Петропавл қаласында Ozon және Alibaba электрондық сауда алаңдарының тауарларын сақтап, өңдеп, таратуға арналған KYZYLZHAR HUB халықаралық көлік-логистикалық кешені салынуы мүмкін. Жобаға 29 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Жобаны Біріккен Араб Әмірліктерінен келген инвесторлар ұсынған. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Royal Investment International компаниясының құрылтайшысы Марат Салиховпен кездесіп, кешеннің құрылысы мен өңірдің логистикалық әлеуетін дамыту мәселелерін талқылады.

Болашақ логистикалық орталықтың жалпы аумағы 102 мың шаршы метр болады. Мұнда ірі онлайн сауда платформаларының тауарларын қабылдау, сақтау, өңдеу және таратуға арналған заманауи қоймалар салынады. Сонымен қатар жүктерді қайта тиеу аймақтары мен кеңсе ғимараттары қарастырылған.

Кешенде азық-түлік өнімдері мен халық тұтынатын тауарларды сақтауға арналған арнайы қоймалар да болады.

Жобаны жүзеге асыруға Солтүстік Қазақстан облысының географиялық орналасуы қолайлы. Өңір арқылы Ресейді Қазақстанмен және Орталық Азия елдерімен байланыстыратын автомобиль және теміржол бағыттары өтеді.

Осы мақсатта «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында көлік-логистикалық нысандарды орналастыруға арналған №8 қосалқы аймақ құрылған. Қазір оны дамыту бойынша бас жоспар әзірленіп жатыр.

Әкімдік мәліметінше, KYZYLZHAR HUB жобасы өңірге инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті кәсіпорындардың өнімдерін ішкі әрі сыртқы нарықтарға жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.