Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Теміртауда әйелін өлтірді деген күдікті оны еріктілермен бірге іздеген

Теміртауда әйелін өлтірді деген күдікті оны еріктілермен бірге іздеген
видеодан скриншот

Теміртауда екі айға жуық уақыт іздеуде болған 38 жастағы Ирина Керннің бөлшектелген денесі табылды. Қазір марқұмды жерлеуге дайындық жүріп жатыр. Қайғылы оқиғаның мән-жайын оның туыстары КТК арнасына айтып берген, деп хабарлайды ult.kz.

Теміртау тұрғыны 20 қыркүйекте із-түзсіз жоғалып кеткен. Оны іздеуге туыстары, еріктілер мен әскери қызметкерлер жұмылдырылған. Әйелді іздеуге оның 40 жастағы бірге тұратын жігіті де белсенді қатысқан. Алайда кейін ол адам өлтірді деген күдікке ілінді.

Күдікті қаладағы шипажайлардың бірінде от жағушы болып жұмыс істеген. Марқұмның бөлшектелген денесі дәл осы шипажай аумағындағы көлден табылған. Кейін ер адам ұсталды.

Иринаның артында үш баласы қалды. Оның біреуі күдіктіден туған үш жасар бала. Марқұмның әпкесі Анастасия Духова жиендеріне қамқоршылық рәсімдеуге шешім қабылдаған.

Анастасияның да өзінің үш баласы бар. Оның үстіне, осыдан бір апта бұрын ғана күйеуін жерлеген. Соған қарамастан, жиендерін қараусыз қалдырғысы келмеген. Марқұмның туыстары күдіктінің заң алдында барынша қатаң жазаға тартылуын талап етпек.

«Ол Иринаны шамамен жарты сағат бойы ұрған. Кейін мәйітін қорлаған. Оны көлікпен апарып, көлге, суға жасырған. Мен одан іздеуге көмектесуін, қайда екенін көрсетуін сұрадым. Ол іздеу жұмыстарына өзі де қатысты, бірақ өліміне қатысы барын мойындамады. Осылайша тергеуді жаңылыстырып, Ирина өз еркімен кетіп қалды деп сендірді», – деді марқұмның әпкесі.