Қызылорда облысының Шиелі ауданында мал ұрлығы үшін сотталған азамат пробациялық бақылау талаптарын бірнеше рет бұзғаны үшін бас бостандығынан айырылды. Ол электронды білезігін әдейі кесіп, сот жүктеген міндеттерді орындаудан жалтарған, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, азамат мал ұрлығы қылмысын жасағаны үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесіліп, пробациялық бақылауға алынған.
Алайда ол жазаны өтеу тәртібі мен заң талаптары бірнеше рет түсіндірілгеніне қарамастан, тәртіпке бағынбаған. Атап айтқанда, электронды бақылау білезігін әдейі кесіп, бүлдірген. Сондай-ақ түнгі уақытта тұрғылықты мекенжайында болмаған.
Заң бұзушылықтары үшін оған төрт рет ескерту берілген. Бірақ азамат одан сабақ алмай, пробациялық бақылау талаптарын бұзуды жалғастырған.
Осыған байланысты Шиелі аудандық пробация қызметі сотқа жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсыныс енгізген.
Сот қаулысымен жазаның өтелмеген 1 жыл 2 ай мерзімі түрмеде өтеуге ауыстырылды. Азамат сот залында қамауға алынды.
Пробациялық бақылау талаптарын қасақана бұзу заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.