Атырау облысы Құрманғазы ауданының тұрғыны Ғалымжан Мұқашев үйінен шағын мұражай ашып, бірнеше жылдан бері көне бұйымдар жинап келеді. Бүгінде оның жеке коллекциясында 400-ге жуық жәдігер бар. Олардың қатарында өткен ғасырдың 50–70-жылдарындағы тұрмыстық заттар, алғашқы фотоаппараттар, ескі радио мен теледидарлар және ұлттық мұра үлгілері бар, деп хабарлайды ult.kz.
«Информбюро» бағдарламасының мәліметінше, зейнеткердің көне дүниелерге қызығушылығы анасына тиесілі бұйымдарды сақтаудан басталған. Кейін отбасы мен туған-туыстарынан қалған заттарды жинап, уақыт өте келе тұтас мұражай жасақтаған.
Жеке коллекцияда мал сүйегінен жасалған көне ұршық, тарихы ғасырдан асатын тас диірмен, 1956 жылы шығарылған шамдар мен Қазақстанның алғашқы теңге үлгілері сақталған. Сондай-ақ оның әкесі мен анасы күнделікті тұрмыста пайдаланған бұйымдар да бар.
«Тас диірменнің тарихы 100 жылдан асады. 1956 жылы шыққан шамдар және басқа да көне жәдігерлер сақталған. Әкемнің тұтынған заттары да осында. Әкем – Ұлы Отан соғысының ардагері. Анамның да қолданған бұйымдары бар. Мұражайды ата-бабадан қалған мұра кейінгі ұрпаққа жетсін деген ниетпен аштым. Немерелерім де бұл дүниелерге қызығушылық танытады», – дейді Ғалымжан Мұқашев.
Мұражай қорында ескі теледидарлар, радиоқабылдағыштар, сағаттар, музыкалық аспаптар, алғашқы фотоаппараттар мен түрлі үлгідегі шамдар да бар.
Зейнеткердің бастамасына өзге тұрғындар да қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, Атырау қаласының тұрғыны Эдуард Ильясов әкесінен қалған ескі радио мен күйтабақтарды мұражайға тапсырған.
«Үлесімді қосып, әкемнен қалған заттарды тапсырдым. Олардың қатарында ескі радио мен күйтабақтар бар. Мұндай бастаманың өскелең ұрпаққа берері мол деп ойлаймын. Еліміздің әр өңірінен, соның ішінде Ақтөбе, Астана, Алматыдан қонақтар келгенде көрсететін құнды орынға айналғаны қуантады», – дейді ол.
Қазір Ғалымжан Мұқашевтің үйіндегі мұражайды тамашалауға келетіндер қатары артып келеді. Коллекционер әр жәдігерді көзінің қарашығындай сақтап, ата-бабадан қалған тұрмыстық бұйымдар мен тарихи естеліктерді келер ұрпаққа жеткізуді мақсат етеді.