Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

109 млн теңгені компания шоттарынан аударған бас бухгалтер 7 жылға сотталды

109 млн теңгені компания шоттарынан аударған бас бухгалтер 7 жылға сотталды
ашық дереккөз

Астанада екі компанияның 109 млн теңгеден астам қаражатын жымқырған бұрынғы бас бухгалтерге сот үкімі шықты. Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, сотталушы 2019-2023 жылдары бір азаматқа тиесілі екі жауапкершілігі шектеулі серіктестікте әуелі бухгалтер, кейін бас бухгалтер болып жұмыс істеген.

Қызметтік мүмкіндігін пайдаланған ол компаниялардың банк шоттарына қол жеткізіп, қаржылық операцияларды өз бетінше жүргізген.

Сот материалдарына сәйкес, әйел тиісті келісімшарттар жасамай және аударымдарды бухгалтерлік есепте көрсетпей, компаниялардың шоттарынан өз есепшотына, сондай-ақ өзі бақылауындағы жеке кәсіпкерлердің шоттарына жүйелі түрде ақша аударып отырған.

Оның әрекетінен екі компанияға 109 млн теңгеден астам материалдық шығын келген. Алайда келтірілген залал осы уақытқа дейін өтелмеген.

Сот үкім шығарғанда айыпталушының екі кәмелетке толмаған баласы барын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерген. Нәтижесінде оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, коммерциялық және мемлекеттік ұйымдарда материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айырылды.

Алайда асырауындағы балаларының 2013 және 2014 жылы туғанын ескерген сот Қылмыстық кодекстің 74-бабына сәйкес жазаны өтеуді бір жылға кейінге қалдырды.

Сонымен қатар жәбірленуші компаниялардың азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.