Қостанай облысының Қамысты ауданындағы мектептердің бірінде оқушыға қатысты зорлық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Басты күдікке алтыншы сыныпта оқитын екі жасөспірім іліккен, деп хабарлайды ult.kz.
Полиция мәліметінше, оқиға 16 қарашада болған. Қазір істің мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.
«НеМолчи.kz» қорының хабарлауынша, оқиғаға жоғары сынып оқушысы куә болып, бұл туралы зардап шеккен баланың ағасына айтқан. Кейін мектеп директоры полицияға хабарласып, баланың анасы арыз жазған.
Оқиғаға қатысты Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Несібелі Басенова да пікір білдірді. Оның айтуынша, баланың анасы көмек сұрап, өзіне жүгінген. Қазір жағдай уәкілдің бақылауында.
Сондай-ақ баланың анасына қысым көрсетілуі мүмкін деген ақпарат тексеріліп жатыр. Ал кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін ата-аналарға ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған.