Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Ұлт тағдыры баяндалатын ерекше туынды

Ұлт тағдыры баяндалатын ерекше туынды

Алматыда академик Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің «Сараман жолы» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. 

Жаңа туындының тараулары да ерекше тақырыптарды қамтыған ауқымды дүние деуге болады. 

Мәселен, кітаптың «Қайсар рухты ғазиз жан» атты алғашқы бөлімдерінде Мұрат Әуезовтің анасы Фатима Ғабитованың күрделі тағдыры, ХХ ғасырдың басындағы Жетісу өңірінің тарихи ахуалы, азамат соғысы жылдарындағы оқиғалар мен қазақ даласындағы ағарту ісінің қалыптасуы баяндалады. Сонымен қатар Мұхтар Әуезовтің шығармашылық жолы, «Абай жолы» эпопеясының жазылу тарихы, жазушының қуғын-сүргін жылдарындағы өмірі мен Мәскеудегі қызметі қамтылған.

Еңбектің кейінгі «Алтын баладан – алып эпопеяға» тарауында Мұрат Әуезов бастаған қазақ жастарының ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған бастамалары, «Жас тұлпар» ұйымының құрылуы, сол кезеңдегі зиялы қауымның шығармашылық ортасы мен қоғамдық көзқарастары сөз болады.  Сондай-ақ «Көшпелілер. Эстетика. Дүниені дәстүрлі қазақ өнерімен тану» жинағының жазылу тарихы мен оның идеологиялық қысымға ұшырауы туралы деректер ұсынылған.

«Аласат соңы – сабағат» атты үшінші тарауда «Абай жолының» орыс тіліне аударылып, толып жатқан машақаттармен Одақ оқырмандарына жетуінің жай-күйі айтылады.

Кітаптың соңғы тараулары Мұхтар мен Мұрат Әуезовтердің Үндістан, Жапония және Америка Құрама Штаттарына жасаған сапарларына арналған. Автор екі тұлғаның күнделіктері мен жолсапар жазбаларын салыстыра отырып, аталған елдердің тарихы, мәдениеті, өнері мен көрнекті қайраткерлері туралы құнды мәліметтерді оқырман назарына ұсынады.

«Қоңырдың күзі» атты келесі бөлімде бар ғұмыры қуғын-сүргінмен өткен жазушының Қазақстан басшылығына П. К. Понамаренко, Л. И. Брежнев келгеннен кейінгі уақыттағы өмірінің берекелі, жемісті кезеңі суреттеледі.

Кітаптың «Пышаққа түскен кітап» атты бесінші тарауында Мұрат Әуезов бастаған талантты жас ғалымдар жазып, 1976 жылы идеологиялық тұрғыдан зиянды еңбек ретінде туралып кеткен «Көшпелілер. Эстетика. Дүниені дәстүрлі қазақ өнерімен тану» атты көшпелілердің көне мәдениетін зерттеу мен оның әлемдік өркениетке тигізген әсері жайлы жинақтың жазылу тарихы, оның авторларының шығармашылығы тарқатылады. 

«Өршіл рухты өзден» деп аталатын кітаптың алтыншы тарауында Мұраттың Мәскеу, Ленинград және Кеңес Одағының өзге де ірі қалаларында оқитын талантты қазақ жастарының басын қосып, тоталитарлық жүйеге қарсы «Жас тұлпар» ұйымын құрғаны баяндалады.

Сондай-ақ, «Саяқ жортқан саңлақ» тарауында  ұлы жазушының  сол кездегі республика басшысы Ж. Шаяхметовтің қолымен ұйымдастырылып, 1953 жылдың сәуіріндегі үш күнге созылған тұрпайы айыптаулардан кейін достарының көмегімен Мәскеуді жағалауы, Мәскеу мемлекеттік университетіндегі ұстаздық, профессорлық қызметі сөз болады.  

Жаңа кітаптың жаңалығы көп. Бұл тарихи таным мен ұлттық руханиятқа қызығатын оқырман үшін маңызды еңбек.