Жетісу облысының жазушысы Есболат Айдабосынның «Бүкір» романы республикалық Mecenat.kz әдеби байқауында жеңімпаз атанды. Енді автор өмір бойы ай сайын 500 доллар көлемінде сыйақы алып отырады, деп хабарлайды ult.kz.
Биыл бесінші рет ұйымдастырылған байқауға 33 қолжазба ұсынылған. Қазылар алқасы олардың арасынан «Бүкір» романын үздік деп таныған. Жобаның демеушісі Freedom Bank жеңімпазға өмір бойы ай сайын 500 доллар көлемінде сыйақы тағайындаған.
Жазушыны жеңісімен Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов құттықтады. Ол бұл жетістікті автордың көп жылғы еңбегі мен кәсіби шеберлігінің нәтижесі деп бағалап, жазушыға естелік сыйлық табыстады.
Есболат Айдабосынның айтуынша, «Бүкір» романы күтпеген жерден жазылған. Автор көлемді шығармамен жұмыс істеуден шаршаған соң, бұл туындыны небәрі екі-үш айда аяқтаған. Роман екі бірдей байқауда мойындалып, оқырман арасында да қызығушылық тудырған.
Қазір кітап ATA Creative Hub баспасынан жарық көріп, сатылымға шыққан. Оны Қазақстандағы кітап дүкендерінен және онлайн платформалардан сатып алуға болады. Кітаптың тұсаукесері Алматы, Ұзынағаш және Жетісу облыстық кітапханасында өткен.
Жазушы алдағы уақытта да шығармашылық жұмысын жалғастыратынын айтады. Оның пікірінше, кітап жазумен ғана шектелмей, шығармаларды оқырманға жеткізу, насихаттау және олардың негізінде фильмдер мен спектакльдер түсіру маңызды.
Айдабосын «Оқитын ұлт» тұжырымдамасы қазақ әдебиетіне жаңа серпін бергенін атап өтті. Оның сөзінше, жазылған кітап оқырманға жетуі керек. Ал баспалар, кітапханалар мен әдеби агенттер автор мен оқырман арасындағы байланысты қамтамасыз етуі қажет.