Қазақтың көрнекті ойшылы, ақын-ағартушысы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының сирек басылымдардан құралған мұралар жинағы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының Азия-Тынық мұхиты өңірлік тізіміне енгізілді, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл шешім Индонезияның Джакарта қаласында өткен ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы өңірлік комитетінің (MOWCAP) отырысында қабылданған. Номинациялық құжаттарды Қазақстан тарапы әзірлеп, халықаралық ұйымның қарауына ұсынған.
«Ғылым ордасы» РМК қорында сақталған сирек басылымдарда қазақ халқының тарихы, әдебиеті мен рухани өміріне қатысты құнды деректер бар.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз еңбектерінде XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы қоғамдық өмірді, халықтың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрі мен дүниетанымын кеңінен сипаттаған. Сондай-ақ шығармаларында ғылым мен білімге ұмтылу, ағартушылық және ұлттық құндылықтарды дәріптеу идеялары көрініс тапқан.
Номинациялық құжаттарды дайындауға және мұраның тарихи-мәдени құндылығын ғылыми тұрғыдан негіздеуге «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасының мамандары атсалысқан.
Бұл шешім Мәшһүр Жүсіптің шығармашылық мұрасын халықаралық деңгейде насихаттап, терең зерттеуге және қазақтың жазба мәдениетін әлемге танытуға мүмкіндік береді.