Қазақстандықтардың 58 пайызында жеке жинақ жоқ. Ал әрбір үшінші отбасының айлық табысы 150–300 мың теңге аралығында. Бұл Ұлттық банктің қазан айында жүргізген сауалнамасында белгілі болды, деп хабарлайды ult.kz NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Зерттеуге Қазақстанның 18 жастан асқан 1500 тұрғыны қатысқан. Сауалнама барысында азаматтардың отбасылық табысы, соңғы бір жылдағы материалдық жағдайының өзгеруі және ақша жинағының бар-жоғы анықталған.
Қазақстандық отбасылар қанша табыс табады?
Сауалнамаға қатысқандардың ең көп бөлігі – 30,4 пайызы отбасының айлық табысы 150–300 мың теңге аралығында екенін айтқан.
Ал респонденттердің:
- 23,4 пайызы – 300–500 мың теңге;
- 13,8 пайызы – 500 мың теңгеден астам;
- 12,9 пайызы – 100–150 мың теңге;
- 6,4 пайызы – 70–100 мың теңге;
- 3,5 пайызы – 40–70 мың теңге;
- 5,1 пайызы – 40 мың теңгеге дейін табыс табатынын көрсеткен.
- Тағы 4,6 пайызы отбасылық табысын нақты айта алмаған.
Әрбір үшінші адамның қаржылық жағдайы нашарлаған
Сауалнамаға қатысқандардың 48,9 пайызы соңғы 12 айда материалдық жағдайы айтарлықтай өзгермегенін айтқан.
Ал 31,3 пайызы қаржылық жағдайы нашарлағанын мәлімдеген. Тек 14,8 пайызы табысы жақсарғанын жеткізген.
Осылайша, қаржылық жағдайы нашарлағандардың үлесі жақсарғанын айтқандардан екі есе көп.
Қазақстандықтардың қаншасында ақша жинағы бар?
Зерттеуде азаматтардың жеке жинағы да сұралған. Нәтижесінде респонденттердің 58 пайызы ақша жинамайтынын айтқан. Ал 28,8 пайызының жеке жинағы бар.
Салыстыру үшін айтсақ, қыркүйек айында ақша жинағы жоқ азаматтардың үлесі 60,3 пайыз болған.
Айта кетейік, бұл нәтижелер сауалнамаға қатысқан азаматтардың жауаптарын көрсетеді. Оны Қазақстандағы барлық отбасының табысы туралы ресми статистика деп қабылдауға болмайды.