Қазақстанда шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) смартфон арқылы алу мүмкіндігі пайда болды. Қызмет елге уақытша келген азаматтарға қолжетімді, деп хабарлайды ult.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Ішкі істер министрі тиісті бұйрыққа 2026 жылғы 2 қарашада қол қойған. Құжат 9 қарашадан бастап күшіне енді. Енді шетелдіктер ЖСН-ді алғаш рет рәсімдеу немесе бұрынғы деректерін түзету үшін QazETA мобильді қосымшасын пайдалана алады. Қызмет MAQ цифрлық көші-қон платформасы арқылы көрсетіледі.
ЖСН-ді қалай рәсімдеуге болады?
Ол үшін шетел азаматы QazETA қосымшасына тіркеліп немесе жеке кабинетіне кіруі керек. Содан кейін:
- жеке деректерді жинауға және өңдеуге келісім беру;
- жеке басын куәландыратын құжатты суретке түсіру;
- биометриялық тексеруден өту;
- смартфонның геолокациясын растау;
- адамның тірі екенін анықтайтын қосымша тексеруден (Liveness) өту;
- автоматты түрде толтырылған мәліметтерді тексеріп, туған жері, байланыс деректері мен ұлтын көрсету;
- өтінімді растау және жіберу қажет.
Бұдан кейін «Бүркіт» жүйесі өтініш берушінің Қазақстанға кірген-кірмегенін тексереді. Сондай-ақ оның биометриялық деректері иммигранттар базасымен салыстырылып, бұрын ЖСН берілген-берілмегені анықталады.
ЖСН қанша уақытта беріледі?
Қызмет көрсету мерзімі – өтінім берілген күнді есептемегенде бір жұмыс күні.
Ішкі істер министрлігінің қызметкері құжаттар мен жеке деректерді тексергеннен кейін өтініш берушіге ЖСН беріледі.
Өтінімнің мәртебесін QazETA қосымшасындағы MAQ платформасынан көруге болады. ЖСН рәсімделген соң тіркеу туралы куәлікті жүктеп алуға мүмкіндік бар.
Қандай жағдайда өтінім қабылданбайды?
Егер ұсынылған мәліметтер белгіленген талаптарға сәйкес келмесе немесе құжаттар мен ондағы деректердің шынайылығы расталмаса, ЖСН беруден бас тартылуы мүмкін. Мұндай жағдайда өтініш берушіге тиісті хабарлама жіберіледі.
Пилоттық жоба Қазақстанның бүкіл аумағында қолданылады. Ол республикада уақытша жүрген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға арналған.