Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Мәскеу – Астана рейсінде бомба туралы хабарлама түсті: ұшақ тексерілді

Мәскеу – Астана рейсінде бомба туралы хабарлама түсті: ұшақ тексерілді
NewTimes.kz

Мәскеуден Астанаға бағыт алған ұшақтың бортына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түсті. Осыдан кейін әуе кемесінің салоны тексеріліп, күмәнді заттар табылған жоқ, деп хабарлайды ult.kz.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, Қазақстан әуежайына тиісті ақпарат түскен соң ұшаққа тексеру жүргізілген.

«Мәскеу – Астана әуе рейсі ұшағының салонын қарау барысында жарылғыш құрылғылар мен басқа да тыйым салынған заттар табылған жоқ», – делінген ресми хабарламада.

Аталған дерек бойынша терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Қазір полиция тергеу жүргізіп, хабарлама авторын анықтап жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, ықтимал қауіп туралы ақпарат түскен сәтте Мәскеуден Астанаға бағыт алған екі әуе рейсі әуеде болған. Алайда оқиға 10 қарашада орындалған «Аэрофлот» әуе компаниясының SU1962 рейсіне қатысты болуы мүмкін. Flightradar24 деректеріне сәйкес, ұшақ Астанаға жергілікті уақыт бойынша сағат 17:21-де, кестеден тоғыз минут бұрын қонған.

Айта кетейік, терроризмге қарсы орталық мұндай мәлімдемелердің барлығы міндетті түрде тексерілетінін ескерткен. Жарылғыш құрылғы туралы жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады.