Жетісу облысының 31 жастағы тұрғыны бірден төрт ұл баланы дүниеге әкелді. Нәрестелер 24 қыркүйекте жүктіліктің 30 аптасы 6 күнінде кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Бүгін анасы сәбилерімен бірге перзентханадан шығарылды, деп хабарлайды ult.kz.
Төрт ұлға Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірхан деген есім берілген. Осылайша, отбасындағы бала саны жетіге жетті.
Болашақ ана жүктіліктің 23-аптасынан бастап Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы мамандарының бақылауында болған.
Төртемнің мерзімінен бұрын дүниеге келу қаупі жоғары болғандықтан, дәрігерлер ана мен балалардың жағдайын тұрақты бақылап, ықтимал асқынулардың алдын алған. Күрделі жүктілікті жүргізуге акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар мен неонатологтар жұмылдырылған.
Ананың айтуынша, бірден төрт баланы күтіп жүргенін білгенде таңғалып, қуанып, қобалжыған. Ол өзіне және сәбилеріне көмек көрсеткен медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Айта кетейік, төртемге жүкті болу өте сирек кездесетін жағдай саналады. Мұндай жүктілік ана мен нәрестелердің денсаулығына ерекше бақылау мен жоғары деңгейдегі медициналық көмекті қажет етеді.