Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қазақ тілі – ортақ Отанның ортақ құндылығы

Қазақ тілі – ортақ Отанның ортақ құндылығы
vk.com

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X Құрылтайында мемлекеттік тілдің қоғамды біріктірудегі рөлі, оның білім мен ғылымдағы, медицинадағы, цифрлық кеңістіктегі және әскери саладағы қолданысы кеңінен талқыланды. Жиында қазақ тілінің болашағына қатысты ой бөліскен түрлі этнос өкілдері мемлекеттік тілді тек қарым-қатынас құралы ретінде емес, ортақ Отанға деген құрмет пен азаматтық жауапкершіліктің белгісі ретінде бағалады. Олардың пікірінше, қазақ тілінің өрісі кеңеюі үшін оны тұрмыстық деңгейде ғана емес, қоғамдық өмірдің барлық саласында қолдануға мүмкіндік жасау қажет.

Құрылтайда сөз алған «UMC» жүрек орталығының дәрігері Сардор Юлдашов мемлекеттік тілдің адам тағдырына ықпалын өз өмірімен байланыстырды. Өзбек отбасында дүниеге келіп, өзбек мектебінде білім алған ол бала кезінен қазақ балаларымен бірге өсіп, қазақ тілін ауылда меңгерген. Дәрігердің айтуынша, сол кезден бойына сіңген тіл кейінгі өмір жолына, кәсіби қалыптасуына және қоғаммен қарым-қатынасына үлкен әсер еткен.

«Мен өзбек шаңырағында өстім. Өзбек мектебін үздік бітірдім. Ал далада қазақ балаларымен ойнап, бірге өстік. Өзара қазақша сөйлесіп, бауырдай жақын болдық. Сол ауылда үйренген қазақ тілі менің бүкіл тағдырымды айқындады. Кейін медицина ғылымының қыр-сырын меңгеріп, бүгінде «UMC» Жүрек орталығында еңбек етіп жүрмін. Қазақ тілі маған білім есігін ашты, дәрігерлік жолымды ашты, халқымның жүрегіне жол ашты», – деді Сардор Юлдашов.

Интервенциялық аритмолог ретінде күн сайын науқастармен жұмыс істейтін дәрігер мемлекеттік тілдің кәсіби қызметтегі маңызын да ерекше атап өтті. Оның сөзінше, медицинада маманның білімі мен тәжірибесі қаншалықты маңызды болса, науқаспен дұрыс қарым-қатынас орнатуы да соншалықты қажет. Әсіресе күрделі ем-дом мен операция алдында дәрігерге сенім білдіру үшін науқас өзін түсінетінін сезінуі керек.

Мемлекеттік тілдің азаматтық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлі туралы Құрылтай депутаты Екатерина Смалякова да ой қозғады. Қазақ филологиясын меңгеріп, ұзақ жыл білім беру саласында еңбек еткен ол қазақ тіліне деген қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталғанын айтты. Уақыт өте келе бұл қызығушылық өмірлік таңдауына айналып, тіл арқылы қазақ халқының тарихын, дүниетанымын, салт-дәстүрі мен сөз мәдениетін тереңірек таныған.

«Қазақ тілі өміріме мектеп қабырғасынан еніп, уақыт өте келе ғұмырлық таңдауымның өзегіне айналды. Әрбір жаңа сөз арқылы халқымыздың тарихына тереңірек бойладым. Тіл арқылы ұлттық дүниетанымның байлығын, салт-дәстүрдің даналығын, сөз мәдениетінің тереңдігін таныдым. Тіл – халықтың жады. Сөз – оның кілті», – деді Екатерина Смалякова.

Депутат Қазақстанның басты байлығының бірі – елдегі қоғамдық келісім мен халықтың бірлігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, еліміздегі әр этнос өз ана тілі мен мәдениетін сақтауға мүмкіндік алған. 

«Тамырымыз сан тарау, тағдырымыз бір арна. Сол арнаны тоғыстыратын рухани күш – қазақ тілі», – деп түйіндеді депутат.

Құрылтайда мемлекеттік тілдің болашағы тек күнделікті тұрмыстық қарым-қатынаспен шектелмеуі керектігі де айтылды. «Мобайл-Телеком» компаниясының оператор-инженері Максим Кузнецов қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі мүмкіндігін кеңейту, оны ғылым мен технологияның тіліне айналдыру мәселесін көтерді. 

«Қазақша айтқан сөзіміздің дұрыс танылып, сұрақтардың сауатты өңделуіне мүмкіндік беретін жасанды интеллект модельдері аса қажет. Жасанды интеллектіні қазақша сөйлету мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтеді. Бұл тілді үйренгісі келетін жастар үшін де, еліміздің барлық азаматы үшін де маңызды», – деді Максим Кузнецов.

Қазақ тілінің қоғамдық мәдениет пен экологиялық жауапкершілікті қалыптастырудағы әлеуетіне Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, қазақ тілі пәнінің оқытушысы Алина Кан да назар аударды. Ол «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыруда халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы мен тілдік мұрасын тиімді пайдалануды ұсынды. Оның пікірінше, қазақ тіліндегі мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер жас ұрпаққа табиғатты қорғау, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау және қоғамдық әдепті сақтау құндылықтарын түсіндірудің пәрменді құралы бола алады.

«Қоғамдық этика ең әуелі тілдің тазалығынан басталады. Халқымыз «Әдеп басы – тіл» деп дәл айтқан. Ал «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген мәтел ел аумағын жасыл орманға айналдыру жөніндегі бастамамен үндеседі. «Жаздың бір күні – қыстың мың күні» деген сөз жастарды еңбекқорлыққа үндесе, «Судың да сұрауы бар» деген ұғым табиғи ресурстарды үнемді пайдалануға шақырады. Тілімізде «Таза Қазақстан» идеясын қуаттайтын осындай тіркестер өте көп», – деді Алина Кан.

Ал Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблінің солисі Эльдана Габерман қазақ тілінің әскери ортадағы орны мен ұлттық армияның рухани келбеті туралы пікір білдірді. Шыққан тегі неміс әнші әскери ансамбльде 16 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Ол алғаш рет қазақ тілінде «Әлия» әнін орындаған сәтін ерекше ықыласпен еске алды. Бастапқыда көрерменнің қалай қабылдайтынына алаңдағанымен, ән аяқталған соң жүректен шыққан үннің тыңдарманға жеткенін сезінгенін айтты.

«Менің үнім – армиямыздың ұлттық үні. Себебі менің рухым да, тілім де, жүрегім де – қазақ, шыққан тегім – неміс. Герольд Бельгер де неміс, ал болмысы қазақ еді. Гераға бәрімізге қазақ тіліне деген сүйіспеншілікті үйретіп кетті», – деді ол.

Ол қазақ тілінің өзіне өнер мен абырой сыйлағанын айта келе, енді мемлекеттік тілдің сарбаздарға да білім мен жігер беретін күшке айналуын қалайтынын жеткізді.