Алматыда өзбек кинематографистері түсірген «Ұлы Әмір және Донна Мария» тарихи көркем фильмінің көрсетілімі өтті. Туындыда Әмір Темірдің тұтқындағы мажарстандық ханшайымды азат еткен оқиғасы баяндалады, деп хабарлайды ult.kz.
Фильм Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен және Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен көрерменге ұсынылды.
Туындыда Әмір Темірдің өмірі, билік жүргізу кезеңі, мемлекет басқарудағы ұстанымдары мен адамгершілік қасиеттері көрініс тапқан. Сюжеттің негізгі желісі – оның тұтқында болған мажарстандық ханзаданың қызы Марияны босатып, еліне қайтуына мүмкіндік жасауы.
Фильм көрсетіліміне Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, сценарий авторы Хайриддин Сұлтан мен режиссер Жаһангер Қасымов қатысты. Олар туындының идеясы, түсірілім барысы және тарихи оқиғаның мәні туралы әңгімеледі.
Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов фильмнің түркі халықтарының тарихы мен ортақ құндылықтарын танытудағы маңызын атап өтті.
«Бұл кино өзбек халқының, тұтас түркі халықтарының мүмкіндіктерін, олардың тарихтағы орнын жақсы көрсете алған. Соның ішінде бүгінгі қоғам үшін аса маңызды гуманизм идеясын алға тартады. Фильмнің негізгі өзегі де – адамгершілік пен ізгілік», – деді ол.
Ал сценарий авторы Хайриддин Сұлтанның айтуынша, тарихи деректерде Әмір Темірдің Марияны азат етіп, еліне қайтуына мүмкіндік бергені айтылады.
Сондай-ақ оның сөзінше, Донна Мария кейінгі ұрпақтарына Әмір Темірге деген алғысын жеткізе алмағанын айтып, осы борышты өтеуді өсиет еткен.
Фильмде осы оқиға арқылы азаттық, әділеттілік, ізгілік пен адамдық қадір-қасиет тақырыптары қозғалады. Туынды түркі халықтарының рухани сабақтастығы мен ортақ тарихи мұрасын дәріптеуді мақсат етеді.