Қазақстанның Халық әртісі Мақпал Жүнісова марқұм жары Заманбек Нұрқаділовке қатты ұқсайтын азаматты кездестіріп, әсерімен бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.

Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында Аман есімді азаматпен кездескенін айтып, оның келбеті марқұм жолдасын еске түсіргенін жеткізді. Өнер иесі бұл сәттің өзін ерекше толқытқанын жасырмады.
"Зәкеңе ұқсайтын Аман бауырыммен кездесіп қалдым. Зәкеңнің 50 жасы көзіме елестеп кетті", – деп жазды әнші.

Мақпал Жүнісованың жазбасы оқырмандарын да бейжай қалдырмады. Көпшілік суреттегі азаматтың Заманбек Нұрқаділовке ұқсастығына таңғалып, пікірлерін жарыса қалдырған.
"Зәкеңнен аумайды!", "Қаны бар емес пе екен?", "Дәл өзі, ұқсайды екен", "Аумайды екен", – деп жазды желі қолданушылары.
Кейбір оқырмандар әншінің марқұм жарына деген құрметін ерекше атап өтіп, оған жылы лебіздерін арнаған.
"Мақпал сіңіліміз Заманбек ағамыздың ошағының түтінін түтетіп, музей қылып сақтап отыр ғой. Қыздарыңыздың қызығын көріңіз, бақытты болыңыздар!" – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.
Айта кетейік, Заманбек Нұрқаділов 2005 жылы өмірден өткен еді. Мақпал Жүнісова бұған дейін де марқұм жолдасын сағынышпен еске алып, онымен байланысты естеліктерін көпшілікпен бөлісіп жүрген.
Мақпал Жүнісова кім?
Мақпал Мұхамедиярқызы Жүнісова – қазақ эстрадасының көрнекті өкілі, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол 1964 жылы 11 қаңтарда Қарағанды облысының Теректі ауылында дүниеге келген.
Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектеп-интернатта және Шымкент мәдениет институтында білім алған. Өнер жолын "Гүлдер" ансамблінде халық әндерін орындаудан бастап, кейін "Қазақконцерт" бірлестігінде еңбек етті.
Оның орындауындағы "Ғашық жүрек", "Қыз ғұмыр", "Фариза қыз", "Қоштасу" әндері тыңдарманға кеңінен танылды.
1994 жылы Қазақстанның халық әртісі атағын алып, 1999 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.