Танымал блогер Біржан Әшімнің әкесі, музыкант Сапарғали Әшім өмірден өтті. Қаралы хабарды оның келіні Диана Әлиева әлеуметтік желіде жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.
Диана Instagram парақшасында атасымен бірге түскен отбасылық суреттерін жариялап, қазаның жанына қатты батқанын жазды. Оның сөзінше, Сапарғали Әшім өмірінің соңғы күндеріне дейін әзілдеп, айналасына көтеріңкі көңіл сыйлаған.
“Сапарғали атамыз енді арамызда жоқ… Жанымызға қатты батты. Жүрегім қарс айырылды. Қалай ғана бұлай болды? Сенгім келмейді, сенгім келмейді. Өмірінің соңғы күндерінде де әзілдеп жүрді. Қашанда көңілді, өмірге құштар жан еді. Жатқан жеріңіз жайлы болсын, ардақты атамыз”, – деп жазды ол.
Блогердің жары марқұмның жақындарына қамқор, көпшілікке сыйлы жан болғанын еске алды. Диананың айтуынша, атасы оны туған қызындай қабылдап, үнемі қолдау көрсеткен.
“Аташым ең жақсы адам еді. Адал, абыройлы жан болды. Бәрі оны жақсы көріп, құрметтейтін. Қашанда менің жағымда болып, өзгелердің жаман сөзінен қорғады. Қолдау көрсетіп, туған қызындай қабылдады”, – деп бөлісті Диана Әлиева.