Краковтағы атысқа күдікті ауруханада көз жұмды: қаза тапқандар саны 10-ға жетті

Краковтағы атысқа күдікті ауруханада көз жұмды: қаза тапқандар саны 10-ға жетті
ашық дереккөз

Польшада 7 қарашада Краков қаласының орталығында өтіп бара жатқандарға оқ атқан 24 жастағы ер адам ауруханада қайтыс болды. Осылайша, екі оқиға бойынша қаза тапқандар саны 10 адамға жетті, деп хабарлайды ult.kz.

Малопольск воеводствосының полиция мәліметінше, Михаил О. ұсталғаннан кейін ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Ол бірнеше рет отадан өткен. Алайда дәрігерлер өмірін сақтап қала алмады. Ер адам 9 қарашада таңғы сағат 04:30 шамасында көз жұмған.

Еске салайық, 7 қарашада 24 жастағы Польша азаматы көлікпен Краковтың Бас базар алаңына кіріп, өтіп бара жатқан адамдарға оқ атқан. Салдарынан алты адам – төрт әйел мен екі ер адам қаза тапты. Тағы 15 адам жараланды. Зардап шеккендердің арасында екі полиция қызметкері бар. Олардың бірінің жағдайы ауыр.

Осы оқиғадан кейін тергеушілер күдіктінің Островец-Свентокшиски қаласындағы отбасылық үйінен тағы үш адамның мәйітін тапқан. Олар – 53 жастағы әкесі, 52 жастағы анасы және 21 жастағы әпкесі. Алдын ала мәлімет бойынша, олар да оқ жарақатынан көз жұмған. Полиция күдіктінің бұл өлімдерге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Осылайша, Краковтағы атыс құрбандары, күдіктінің отбасы мүшелері және шабуыл жасаған ер адамды қосқанда, қаза тапқандар саны 10-ға жетті.

Польша прокуратурасы оқиғаны ықтимал террорлық акт ретінде тергеп жатыр. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті әсіре оңшыл идеологияларға қызығушылық танытқан. Тергеушілер оның әрекетіне не себеп болғанын анықтап, сыбайластарының бар-жоғын тексеріп жатыр.

Осы қайғылы оқиғаға байланысты Польшада 8 және 9 қараша күндері ұлттық аза тұту жарияланды.