Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы басталатын «Халықтық құрылыс» бағдарламасы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Мемлекет басшысының сөзінше, бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірінде мектептер, ауруханалар, емханалар, оңалту орталықтары, мәдениет және спорт нысандары салынады. Сондай-ақ тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға қажетті инфрақұрылым жаңартылады.
«Шын мәнінде, біз бұрын-соңды болмаған «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға кірісіп жатырмыз. Бұл бастама еліміздің кескін-келбетін түбегейлі өзгертіп, азаматтардың тұрмыс сапасын айтарлықтай арттыра түседі», - деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, ауқымды құрылыс қалалар мен аудандардың барлығында жүргізіліп, азаматтық инфрақұрылымды түгел жаңғыртады.
«Қазіргі бұлыңғыр, болжамсыз дәуірге деген біздің жалпыұлттық жауабымыз: бұл – “Құрылыс және тағы да құрылыс!”», – деді Президент.
Тоқаев жаңа спорт нысандары мен инклюзивті орталықтардың салынатынын да атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның әр баласы спортпен айналысуға мүмкіндік алуы керек. Өйткені шалғай ауылдарда да болашақ чемпиондар өсіп келеді. Сондықтан олардың барлығына бірдей жағдай жасалуға тиіс.