Қасым-Жомарт Тоқаев: «Спортшылардың даңқы – барша халықтың даңқы»

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Спортшылардың даңқы – барша халықтың даңқы»
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары мен Азия параойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы спортшыларды құттықтап, олардың жетістіктерін ел мақтанышы деп атады, деп хабарлайды ult.kz.

Ақорда мәліметінше, Тоқаев Жапонияда өткен ХХ Жазғы Азия ойындары мен V Азия Пара ойындарында қазақстандық спортшылар жоғары нәтиже көрсеткенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, соңғы бес жылда елімізде спортты дамытуға 616 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл бағыттағы жұмыстар өз нәтижесін беріп, қазақстандық спортшылар халықаралық жарыстарда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді.

Мемлекет басшысы бірқатар спортшының жетістігін ерекше атап өтті. Олардың қатарында таэквондодан ел тарихындағы алғашқы Азия ойындарының алтынын жеңіп алған Темірлан Тілеулес, боксшылар Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай, каратэден екі дүркін Азия чемпионы Софья Берульцева, велоспортшы Алексей Луценко және парапауэрлифтингтен екі дүркін Азия чемпионы Давид Дегтярев бар.

Сондай-ақ параойындарда 100 метрге жүгіруден Азия рекордын жаңартқан Айсұлу Сүлейменованың табандылығына тоқталды.

Жиында Президент спорт инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, келесі жылы басталатын «Халықтық құрылыс» аясында жаңа спорт нысандары мен инклюзивті орталықтар салынады. Әр баланың, соның ішінде шалғай ауылдардағы балалардың спортпен айналысуына мүмкіндік жасалуы керек.

Сонымен қатар Тоқаев Қазақстанда 2027 жылы бокс, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі және киберспорттан әлем чемпионаттары өтетінін айтты. Астанада жасөспірімдер арасында шорт-тректен әлем біріншілігі және УЕФА-ның 51-конгресі ұйымдастырылады.

Мемлекет басшысы спортшыларды алдағы Лос-Анджелес Олимпиадасына қазірден бастап дайындау қажеттігін атап өтті.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары мен Азия параойындарында жоғары нәтиже көрсеткен бір топ спортшыға мемлекеттік наградалар табыстады.