Садыр Жапаров қазақстандық кәсіпкердің шағымынан кейін күдіктілерді ұстауды тапсырды

Садыр Жапаров қазақстандық кәсіпкердің шағымынан кейін күдіктілерді ұстауды тапсырды
ашық дереккөз

Қазақстандық кәсіпкер Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа алаяқтыққа қатысты шағым айтып, 200 мың доллардан астам ақшасынан айырылғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына істі жеке бақылауға алып, күдіктілерді ұстауды және ақшаны қайтаруға көмектесуді тапсырды, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға Садыр Жапаровтың қоғам өкілдерімен кездесуінде болған. Кездесу барысында микрофон алған қазақстандық кәсіпкер Қырғызстаннан карьер сатып алғанын, алайда кейін сатушылардың оны алдап, нысанды қайтадан өз иеліктеріне алып қойғанын айтты.

Кәсіпкердің сөзінше, алаяқтардың бірі өзін Азамат Жапаров деп таныстырып, Қырғызстан президентінің туған жиені екенін айтқан. Алайда кейін кәсіпкер оның мемлекет басшысына ешқандай туыстық қатысы жоқ, тек аттас адам екенін анықтаған.

Жапаров кәсіпкердің шағымына бірден жауап беріп, Ішкі істер министрлігі өкілдеріне істі жеке бақылауға алуды тапсырды.

«Кездесу аяқталған соң оны бірден қабылдап, барлық мән-жайды анықтаңыздар. Аты аталған адамдарды ұстаңыздар және 200 мың долларын қайтаруға көмектесіңіздер», – деді Қырғызстан президенті.

Әзірге құқық қорғау органдарының кәсіпкерге ақшасын қайтаруға қол жеткізгені туралы ақпарат жоқ.