«Қазақмыс» корпорациясы Ұлытау, Қарағанды және Абай облыстарындағы қолданыстағы кен орындары мен келешегі бар учаскелерде кең ауқымды геофизикалық зерттеулер жүргізіп жатыр. Жер қойнауының геологиялық құрылымын дәл зерделеу және тау-кен жұмыстарын жоспарлау сапасын арттыру мақсатында кәсіпорын электрлік және магниттік барлауды, ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы аэросуретке түсіруді, сондай-ақ лазерлік 3D-сканерлеуді белсенді қолдануда, деп хабарлайды Ult.kz.
Маңызды жобалардың бірі ретінде «Қазақмыс» Тобының құрамына кіретін Qazaq Geophysics компаниясының Ұлытау облысындағы Тасқұра учаскесінде бастаған электрлік барлау жұмыстарын атап өтуге болады. Ұзақтығы 156 қума шақырымды құрайтын бұл зерттеу аясында мамандар 500 метр тереңдікке дейінгі геологиялық құрылымды зерделеп, мыс-сульфидті минералдану белгілері бар аймақтарды анықтауды көздеп отыр. Жобаның 15 шақырымы 2026 жылдың соңына дейін, ал қалған 141 шақырымы 2027 жылы орындалады.
Геофизикалық барлау жұмыстары басқа өңірлерде де қарқынды жүріп жатыр. Абай облысындағы Құсмұрын-Ақбастау кен алаңында 52,4 шақырымдық электрлік барлау аяқталып, ұңғымаларда қосымша зерттеулер жоспарланды.
Қарағанды облысындағы Бұрнақ алаңында 702 шақырым жер үсті магниттік барлауы, ал Қызыладыр учаскесінде 19,5 шаршы шақырым аумақты қамтитын жұмыстар орындалды. Сонымен қатар Молдыбай учаскесінде 310 шақырымдық магниттік барлаудың алғашқы кезеңі аяқталды.
Өндірісті цифрландыру бағытында Абыз кенішіндегі карьерді ұшқышсыз аппараттар арқылы түсіру және Жыланды кенішінің жер асты қазбаларында лазерлік 3D-сканерлеу жүргізілді.
Алынған деректер кен орындарының үш өлшемді цифрлық моделдерін әзірлеуге, карьерлердің пайдалану мерзімін ұзартуға және тау-кен жұмыстарын жоғары дәлдікпен жоспарлауға мүмкіндік береді. Заманауи технологияларды қолдану корпорацияның минералдық-шикізат базасын кеңейтуге және өндірістік шешімдердің ғылыми негізділігін қамтамасыз етуге бағытталған.