Алматыда антибиотик екпесінен кейін 14 жастағы бала қайтыс болды

Алматыда антибиотик екпесінен кейін 14 жастағы бала қайтыс болды
ашық дереккөз

Алматыда 14 жастағы жасөспірім антибиотик екпесінен кейін көз жұмды. Ата-анасының айтуынша, №37 қалалық емханада дәрі салдырған соң баланың жағдайы күрт нашарлап, жеті күн жансақтау бөлімінде жатқан. Алайда дәрігерлер оны аман алып қала алмады, деп хабарлайды ult.kz.

«Жетінші арнаның» мәліметінше, марқұм Максим тамыз айынан бері денсаулығына байланысты бірнеше медициналық мекемеге қаралған. 21 қазанда ата-анасы оны №37 емханаға апарған. Инфекционист дәрігер антибиотик тағайындап, екпе алдында аллергиялық сынама жасауды ескерткен.

Алайда дәрі салынғаннан кейін баланың жағдайы күрт нашарлап, есінен танған. Ол шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізіліп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Жеті күннен кейін қайтыс болды.

Ата-анасы дәрінің нақты мөлшері мен медициналық көмектің уақытылы көрсетілгеніне күмән келтіріп отыр. Әкесі емхана берген құжаттарда дәрі мөлшеріне қатысты сәйкессіздік бар екенін мәлімдеген.

Қазір полиция жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғап, сараптамалар тағайындады. Сонымен қатар медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті емхана мен баланың ем алған өзге мекемелеріне жоспардан тыс тексеру жүргізбек.

Марқұмның ата-анасы істің жан-жақты тергеліп, кінәлілер заң алдында жауап беруін талап етеді.