РФММ-дегі 58 оқушының улануынан кейін мектеп директоры ауысты

РФММ-дегі 58 оқушының улануынан кейін мектеп директоры ауысты
2gis.kz

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) филиалында директор ауысты. Бұған дейін де осы мектепті басқарған Алмаз Күнғожин қызметіне қайта тағайындалды. Кадрлық өзгеріс оқушылардың жаппай улану оқиғасынан кейін болып отыр, деп хабарлайды ult.kz.

РФММ баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұрынғы директор Мейірбек Мейірлан Едігерұлының өкілеттік мерзімі аяқталған.

Жаңа басшы Алмаз Күнғожин – мектеп түлегі, математика мамандығы бойынша PhD докторы. Ол 2018-2023 жылдары Алматы филиалын басқарған. Сондай-ақ мектепте мұғалім, математикалық олимпиадаларға даярлау жөніндегі жаттықтырушы және мамандандырылған әрі эксперименттік бағдарламалар бойынша директордың орынбасары қызметтерін атқарған.

2023 жылдың қыркүйегінен бері «РФММ» коммерциялық емес акционерлік қоғамы басқарма төрағасының бірінші орынбасары болған.

Еске салайық, 14 қазанда Алматыдағы РФММ-нің 50-ге жуық оқушысы жедел ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға түскен. Оқиғадан кейін мектеп 14-16 қазан аралығында оқу процесін онлайн форматқа ауыстырып, интернат пен асхананың жұмысын уақытша тоқтатты. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары мектеп ғимаратын тексеріп, зертханалық талдауға сынамалар алды.

Аталған дерек бойынша Алматы полициясы қылмыстық іс қозғады. 22 қазанда ауруханаға түскен барлық оқушы үйіне шығарылды. Жалпы медициналық көмекке 58 бала жүгінген.

Кейін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары мектеп асханасын тексеріп, бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Нәтижесінде асхананың қызметі 60 күнге тоқтатылды.