Ресейлік рэпер Navai (Наваи Бакиров) Қазақстаннан шығарылғаннан кейін Мәскеуде алғаш рет концерт берді. Өнер иесі журналистердің Қазақстанда ұсталуына қатысты сұрақтарына жауап беруден бас тартты, деп хабарлайды ult.kz.
SHOT Telegram-арнасының мәліметінше, 8 қарашада Мәскеудегі клубтардың бірінде рэпердің Қазақстаннан шығарылғаннан кейінгі алғашқы концерті өткен.
Концерт аяқталған соң, түнгі сағат 01:00 шамасында Navai клубтан VIP-кіреберіс арқылы шыққан. Оны жанкүйерлері мен журналистер күтіп тұрған. Рэпер бірнеше жанкүйерімен суретке түскенімен, Қазақстанда ұсталуына қатысты сұрақтарға жауап бермеген.
Осыдан кейін күзетшілер журналистердің музыкантқа жақындауына кедергі жасап, ол спорт көлігіне отырып, кетіп қалған.
Navai Қазақстанда не үшін ұсталды?
Еске салайық, 14 қазанда рэпердің Астанада өтетін концерті болмайтыны белгілі болды. Сол күні Жамбыл облысының полиция департаменті Navai-дің есірткі контрабандасына күдікпен ұсталғанын хабарлады. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.
15 қазанда оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.
Ал 20 қазанда рэперге қатысты іс ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылғаны және оның Қазақстаннан мәжбүрлі түрде шығарылғаны белгілі болды.